1 маусымда Президенттік жастар кадр резервіне құжат қабылдау басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 маусымда Президенттік жастар кадр резервіне құжат қабылдау басталады

23.05.2025

1 маусымда Президенттік жастар кадр резервіне құжат қабылдау басталады. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған кадр резервіне ауыл жастары да қатыса алады. Үміткерлерге қойылатын талап қандай?

Президенттік жастар кадр резервіне құжат тапсыруды жоспарлап жүрген жастың бірі Нұрсұлтан Самарқанов. 31 жаста. Батыс Қазақстандағы Оралдың тумасы. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде басқарма басшысы лауазымын атқарады.

Нұрсұлтан Самарқанов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі персоналмен жұмыс басқармасының басшысы:

Қатты дамып жатқан әлемде біздің жастар тоқтамауы қажет. Мен осы деңгейге жеттім деп, қанағат болмауы керек. Сол үшін Президенттік жастар кадр резерві өткен жағдайда жақсы бағыттар ашады деп ойлаймын.

Ал Әділ Құсманов 2023 жылы Президенттік жастар кадр резервіне құжат тапсырып, іріктеуден өткен маман. Қазір Халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасы. 31 жастағы жас маманның бұл лауазымға тағайындалғанына жарты жыл болыпты.

Әділ Құсманов, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

Мен өзім «Болашақ» бағдарламасының степендиянтымын. Oxford университетінде математикалық модельдеу мамандығы бойынша бітірдім. Осы резерв маған үлкен әлеуметтік «лифт» болды. «Болашақ» бағдарламасына  осы резерв арқылы шақырды. Өз үлесімді Мемлекеттік басқару саласына, қоғам дамуына, экономика дамуына қосуға дайынмын.

Президенттік жастар кадр резервіне келетіндерге 5 талап қойылады. Үміткердің жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі, 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі, мемлекеттік тілді меңгерген, еліміздің азаматы болуы тиіс.

Бүгін осы талаптарды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай жас мамандарға түсіндірді. Түрлі салада жұмыс істеп жүрген 250-ге жуық кадр кездесуге келді. Биылғы іріктеудің басты ерекшелігі - әр бағыт бойынша үміткерлерге жеңілдік қарастырылған.

Нұрсұлтан Бекінов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің директоры:

Әрбір сала бойынша өзінің квотасы болады. Мысалы, әлеуметтік сала дейміз бе, сол әлеуметтік сала бойынша өзінің квотасы болады. Сәйкесінше, ең бастапқыда сіз сол саланы таңдап, құжат тапсырсаңыз, сол сала бойынша іріктеуден өтесіз. Өзге тілді білсе, әрине жақсы. Қосымша балл демеймін, қосымша бонус болуы мүмкін.

Үміткерлердің құжаттары экранда көрсетілген ресми сайтта онлайн түрде қабылданады. Іріктеу 6 кезеңнен тұрады. Барлық талаптан өткен 50 адам резервке қабылданады.

Самал Қабышева, тілші:

Президенттік жастар кадр резервіне кез келген жас үміткер бола алады. Басты талап еңбек өтілі кемінде 5 жыл болуы тиіс. Ол мемлекеттік қызметте немесе басқа салада жұмыс істеді ме, ол маңызды емес. Құжаттарды қабылдау 1-30 маусым аралығында жалғасады.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу