Елімізде ертең үй кезегіне тұруға өтінім қабылдау басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде ертең үй кезегіне тұруға өтінім қабылдау басталады

23.05.2025

Ертеңнен бастап Қазақстандағы үй кезегі толығымен «Отбасы банкінің» басқаруына өтеді. Азаматтар әлеуметтік санатына қарамастан онлайн кезекке тұра алады. Ол үшін өтінімдерді қабылдауға арналған «orken.otbasybank.kz» порталы іске қосылған. Платформа таңертең сағат 9-дан бастап жұмыс істейді.

Есепке тұру үшін электронды цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, авторизациядан өту қажет. Қызмет көрсету мерзімі - 1 жұмыс күні. Жүйе үміткердің талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Егер өтініш беруші кәмелетке толған болса және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда үйі болмаса, сондай-ақ жалғыз баспанасы қауіпті деп танылса ғана тізімге енгізіледі. Ескеретін дүние - есепке алу кезінде отбасының барлық мүшесіне дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру туралы 1414 нөмірінен SMS-хабарлама келеді. Оған жауап беру керек. Сала мамандары жаңа жүйе баспана алу процесін жеңілдетіп, Қазақстандағы тұрғын үй кезегін қолжетімді әрі әділ етеді деп отыр.

Қанат Мыңбаев, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:

Жалпы айтатын болсақ, құрылыс жұмысы өте жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Неғұрлым тұрғын үй көлемін арттыратын болсақ, соғұрлым кезек жылдам келеді. 24 мамырдан кезекке тұратындар тізімі бөлек. 650 мың кезекте тұрған азаматтар тұрғын үйге қол жеткізбей, келесіде оған қол жеткізе алмайды. Барлық процесс онлайн жүреді. Арнайы порталды өздері құрып жатыр. Соған электронды түрде ешқандай да адамдардың қатысынсыз жүзеге асып, барлығы ашық түрде болады.

Биылғы жылдың алғашқы 4 айында 45 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілсе, 952 азамат 2%-бен, 1249 адам 5%-дық жеңілдетілген несие алып пәтерлі болды. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, қазір Қазақстанда 654 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Еске салайық, егер сіз үй кезегінде тұрсаңыз, «kezekte.kz» порталында өзіңізді тексеріңіз. Толық аты-жөніңізді және жеке сәйкестендіру нөміріңізді көрсетіңіз. Егер өзіңізді таппасаңыз, жергілікті әкімдікке хабарласыңыз. «Отбасы банк» базасына өзгерістерді енгізу маусымының 17-де аяқталады.

Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу