Аргентина Конгресі ғимараты жанында болған шеру кезінде ондаған адам жараланды. Зейнетақы көлемін өсіруді талап етіп, наразылық акциясына шыққан белсенділер полициямен қақтығысқан. Ал мұның алдында Конгресте зейнетақы мөлшерін ұлғайтуға қатысты ұсыныс қолдау тапқан жоқ. Бұған ашынған жұрт көшеге шығып, наразылық білдірген. Президент Хавьер Милейдің қатаң үнемдеу саясатына қарсы демонстрациялар елде апта сайын өтіп келеді. Шеруге шыққандардың мәлімдеуінше, зейнеткерлерге ай сайын 331 долларға күн көру қиын. Ал үкімет болса, зейнетақыны өсіруге ресурстар шектеулі, алдымен елге инвестиция көбірек тартып, экономикалық өсімге қол жеткізу қажет дейді. «Рейтердің» дерегіне сай, аргентиналықтардың 38 пайызы кедейшілікте өмір сүріп жатыр.
Арай Төлегенқызы
