Бельгияда коммерциялық емес ұйым өкілдері ереуілдетіп жатыр. Қызметкерлер үкіметтің қатаң үнемдеу шараларына қарсылық білдіруде. Ел билігі жалақыны, жәрдемақыны қысқартып, бірқатар реформа жүргізбек.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Наразылық акциясына қарттар, мүгедектер үйінде жұмыс істейтін медбикелер мен тәрбиешілер, дәрігерлер қатысып жатыр. Ақ халаттылар биліктегілердің зейнетақыны, әлеуметтік төлемдерді қысқартуына қарсы. Жаңадан жасақталған үкімет бюджетті қысқартып, 23 млрд еуро үнемдемек. Бұл кедейлердің санын көбейтеді деген шерушілер биліктегілерден халыққа қызмет көрсету мекемелеріне инвестиция құйып, жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасауды талап етуде. Сұхбатты бірге тыңдайық.
Мони Сименс, Дәрігер:
Үкіметтің қатаң үнемдеуінің кесірінен көп адам денсаулығынан айырылайын деп тұр. Әлеуметтің әлжуаз топтарына тіпті қиын болмақ. Мұның бәрі денсаулық сақтау саласына үлкен жүктеме. Онсызда біз қазір ұйқысыз жұмыс істеп жүрміз.
Дәрігерлер қауымдастығының мәліметінше, қазір Бельгияда психиатр, онколог, терапевт тапшы. Науқастар осы дәрігерлердің қабылдауын 3-4 ай күтуге мәжбүр. «Жүктеме көп, жалақы аз болғандықтан, жас дәрігерлер зейнетке шыққандардың орнын басуға құлықсыз», - дейді медицина мамандары. Кәсіподақ ұйымының өкілдері бүгінгі шараға 30 мыңнан астам адам қатысады деп отыр. »Бейбіт түрде басталған шерудің соңы тәртіпсіздікке ұласуы мүмкін»,- деп, полиция қызметкерлері көзді жасаурататын газ бен су шашатын көлікті дайындап отыр.
Нұрсұлу Қасым
