Еуропалық Одақ Қазақстанмен білім, мәдениет саласында ынтымақты күшейтпек. Бұл туралы Еуропарламентте «ЕуроОдақ пен Қазақстан: білім және мәдениет ынтымақтастықтың тұрақты көпірі» атты басқосуда мәлім болды. Шараны Қазақстанның Бельгиядағы елшілігі Еуропарламенттің Орталық Азия және Моңғолия елдерімен байланыс жөніндегі делегациясымен бірігіп ұйымдастырды.
Инклюзив, тұрақты қоғам қалыптастыру үшін білім мен мәдениеттің рөлі орасан. Сол үшін қос тарап академиялық диалогты нығайтып, білім беру мекемелері арасында стратегиялық байланысты күшейтуге ынталы.
Альберико Гамбино, Еуропарламенттің сыртқы істер жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары:
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Erasmus plus» Орталық Азия жаңа жобасы өте маңызды. Себебі бұл Қазақстан мен Орталық Азия жастарының біздің өмірімізбен танысуына мүмкіндік беріп, Азия мен Еуропа арасындағы мәдени байланысты күшейтері сөзсіз.
«Erasmus+» бағдарламасы бойынша жылда 6 мың қазақстандық студент Еуропа елдерінің ЖОО білім алады. Басқосуда Еуродепутат Джузи Принчи қазақ жастарына грант санын көбейтуге күш салатынын мәлімдеді. Академиялық алмасу бағдарламаларын ілгерілету, білім беруді цифрландыру мәселесі де жиында қызу талқыланды.
Джузи Принчи, Еуропарламенттің Орталық Азия және Моңғолиямен байланыс делегациясының жетекшісі, Еуропарламент депутаты:
Қазақстанда білім мен мәдениет әлеуметтік, экономикалық, адами дамудың қозғаушы күшіне айналған. Жақында жасаған сапарымызда елдеріңіздің даму қарқынына, адам құқы мен бостандығын қорғау бойынша жеткен жетістіктеріңізге куә болдық. Елдеріңіздегі білім сапасының жоғары екенін байқадық.
Тараптар мәдени дипломатияны дамытып, тарихи, мәдени мұраны сақтау маңыздылығын да сөз етті. Еуродепуттар Қазақстан азаматтары үшін Еуропа виза рәсімдеуді жеңілдетуге толық дайын екенін мәлімдеді.
Нұрсұлу Қасым
