Бүгін – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні

21.05.2025

Жас режиссер Жандос Құсайынов қазір мемлекет тарапынан кино саласына берілетін мүмкіндік көп, дейді. Тарихи жанрдағы «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмін көрермен назарына ұсынып, алыс-жақын елдерде өнер жанашырларының оң пікіріне ие болды.

Жандос Құсайынов, режиссер:

Коммерциялық фильммен қатар, авторлық фильмдердің де жақсы дамып жатқанын көріп жүрміз, түрлі кинофестивальден, әлемдік додалардан үздік болып жатқан көркем туындылар бар. Біздің Қазақстанда өте жақсы режиссер, жақсы туынды бар. Оларды әлем көруі үшін белгілі бір жүйесі құрылуы керек деп ойлаймын.

 Белгілі кино және театр актері Дулыға Ақмолда кино әлемінің өркендеуі жетістік, ал елімізде жаппай жаңа театрлардың ашылуы үлкен мәртебе, дейді.

Дулыға Ақмолда, ҚР Халық әртісі:

Өнер адамдарын атақ берумен ғана қолдап қоймау керек. Дәстүрлі өнерді де үлкен қолдау күтіп тұр. Театрдың неғұрлым көп болғаны жақсы ғой, оған біз қуануымыз керек. Өйткені театр деген рухани өсу, көрерменнің рухани дамығаны. Бұл қоғамның дамуына әсер ететін жағдай.

Музей саласында да жетістіктер жетерлік. Еліміздің бейнелеу өнерінің қалыптасу кезеңдерін танытатын мәдени орда «Ұлттық» мәртебесін алды. 90 жылдық тарихы бар музей жылына 70-ке жуық көрме ұйымдастырады.

Самал Мамытова, Ә.Қастеев атындағы ұлттық өнер музейінің ғылыми жетекшісі:

 Өзіміздің музей қорынан керемет, бай коллекцияларымызды шетелге шығарып, көрме жасап немесе шетелдерден ірі-ірі көрмелер қабылдап, жұмыс істеп келе жатырмыз. Бұл бағытта музей әлемдік деңгейдегі, халықаралық деңгейдегі музей мәртебесіне қол жеткізу - басты міндеттеріміздің бірі деп санаймыз.

Өнер – бүкіл әлем түсінетін тіл. Жыл басынан бері мемлекеттік театрлар 80-ге жуық жаңа қойылым қойып, 12 халықаралық фетивальге қатысып, көрерменін қуантты.

Айдана Қуантхан



Хабарламаларға жазылу