Биыл елімізде 112 жайлы мектеп салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл елімізде 112 жайлы мектеп салынады

21.05.2025

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында елімізде 105 мектеп салынған. Келесі жылы тағы 112-сі бой көтермек. Ұлттық жоба балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заман талабына сай жағдайда сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жайлы мектептердің жартысына жуығы ауылдық жерлерде салынып отыр.

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде бұрын-соңды болмаған, теңдессіз жаңа үлгідегі мектептер салынып жатыр. Ұлттық жоба — білім беру жүйесінде тың әрі ауқымды инфрақұрылымдық бастаманы іске асырудың нәтижесі. Елімізде соңғы алты жылда 1 млн-нан аса оқушыға арналған мыңнан аса мектеп салынды. Бұл — Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

 Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Атаулы жаңа жобамен салынып жатқан мектептер осы ауқымды стратегиялық бастаманың маңызды бөлігі. Сондықтан ұлттық жоба аясында қалыптасатын білім ұйымдары «Келешек мектептері» аталады. Бұл ұсынысымыз ұрпағының келешегіне бей-жай қарамайтын азаматтар тарапынан қолдау табады деп сенеміз.

Жалпы, 200 мыңнан астам ауыл баласын заман талабына сай білім беру ортасымен қамтамасыз ету жоспарланған. Жайлы мектептердің басты артықшылығы — онда оқушыларға қолайлы, эргономикалық білім беру кеңістігінің жасалуы. Бұл мектептердің көлемі типтік жобаларға қарағанда 15-20 пайызға үлкен, ал техникалық жарақтануы жағынан 4 есеге артық.

 Мөлдір Смаханова, Қызылорда облысы №290 жайлы мектеп директоры:

Ата-аналарымыздың және педагог, оқушыларымыздың пікірлеріне сүйенсек, бұл - ең керемет мектеп, бірақ ең бірініші балаға мейірім беретін мектеп деп айта аламын. Жайлы мектеп бұл жай ғана мектеп емес, баланың болашағын анықтайтын мектеп ретінде көремін.

Жайлы мектеп жобасы қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған. Жобаны іске асырудың мақсаты – элиталық оқу орындарын құру емес, білім беру сапасының жоғары стандарттарын жаппай енгізу. Бұл әрбір балаға толыққанды дамуға және өз әлеуетін ашуға тең мүмкіндік беруге жол ашады

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу