Қазақ қызы талантымен Аустрия жұртын тамсантты. Венадағы «Концертхаус» классикалық музыка орталығында танымал опера әншісі Айгүл Шәмшиденованың жеке концерті өтті. «Ұлы даланың сарыны» деген атпен ұйымдастырылған ән кешінде жерлесіміз ұлттық және әлемдік үздік шығармаларды орындап, көптің ыстық ықыласына бөленді.
100 жылдан астам тарихы бар «Концертхаус» орталығында әдетте жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар ғана өнер көрсетеді. Айгүл Шәмшиденова сол мықтылардың қатарында. Ерекше дауыс иесінің Венадағы концертіне жұрт Ресей, Франция, Испания, Норвегия мен АҚШ-тан арнайы келген. Талғамы биік тыңдарманға қас талант ә дегеннен-ақ қазақ музыкасының құдіретін сезіндірді.
Талантымен бала кезден көзге түскен Айгүл 13 жасында Голливудта өткен байқауда төрт бірдей алтын медальға ие болды. Алматы, Мәскеу музыкалық колледждерінде оқып, Жәния Әубәкіровадан, Санкт Петерборда Елена Образцовадан тәлім алды. Аты аңызға айналған Надия Шәріпованың шәкірті қазір қазақтың опера өнерін жаһанға дәріптеп жүр.
Штефан Хаузэр, Вена тұрғыны:
Керемет концерт. Айгүл – ерекше дарын иесі. Ол бізді қазақтың ән өнерінің тылсым сырына қанықтырды. Талантына тәнті болдым.
Анна Патриция, музыкант:
Маған Айгүлдің әр шығарманы бар жан-тәнімен орындағаны, техникасы қатты ұнады. Ол көрерменді өзіне баурап алады. Оның дауысы жан-дүниемді тебірентті.
Айгүл – Вена консерваториясының түлегі. Қазір шаһардағы Mahler филармониясының бас солисі. Бес тілде еркін сөйлеп, жиырма тілде ән айтатын опера жұлдызы исі қазақтың мақтанышы, дейді Аустриядағы қандастар.
Гүлмира Энгельярингер, Вена тұрғыны:
Айгүлді тыңдап отырып, бүгін мен Роза Бағланова мен Бибігүл Төлегенованы көргендей болдым. Жас болғанына қарамастан, өзі өте талантты. Апаларының жолын берсін деп тілеймін.
Айгүл Шәмшиденова, опера әншісі, Вена филармониясының бас солисі:
Мен Қазақстаннан екенімді мақтан тұтамын. Ата-бабама, генетикама, осындай дауыс иесі болғаныма мың алғыс. Елімнің патриоты ретінде шетелде қазақ мәдениетін дәріптеуге бар күш жігерімді саламын.
Кеште Айгүл Шәмшиденова Моцарт, Билинидің әлемдік классика жауһарларын, Рахманинов пен Чайковскийдің үздік туындыларын орындады. Екі сағаттық концертті сілтідей тынып тыңдаған көпшілік қазақ музыкантын сахнадан жібергілері келмей, қайта-қайта биске шақырды. Қошаметтерін жаудырды.
Нұрсұлу Қасым
