Кендірліде халықаралық әуежайдың құрылысы басталды
Маңғыстауда Кендірлі курорттық аймағында халықаралық әуежайдың құрылысы басталды. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аймақтың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Жоспар бойынша әуежай биыл желтоқсан айында пайдалануға беріліп, Астана, Алматы және Батыс өңірлерге рейстер ашылмақ. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.
Әуежай Жаңаөзен қаласынан 52 шақырым, ал Кендірлі курорттық аймағынан 14 шақырым жерде орналасқан. Аумағы – 599 гектар.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Әуежайдың ұшу-қону алаңы 2 шақырым болады. Қазір осы аумақта қазба жұмыстары жүріп жатыр. Мына жерге дейін 400 метр қазылған. Осылай бүкіл аумақ екі метр тереңдікке дейін қазылып, арнайы құрылыс материалдары төселіп, тығыздалатын болады.
Ұшу-қону алаңынан кейін, перрон салынып, жол төселеді. Қазір құрылыс басында 80-нен астам адам еңбек етуде. 62 техника жұмылдырылған. Тағы қосымша жұмысшылар келгенде, екі ауысымға көшу жоспарланған.
Бекнұр Қарабаев, учаске бастығы:
2 метр тереңдік қазып жатқан себебіміз, мысалы самолет қонған жағдайда жартастық негіз бар, асты деформация бермеу үшін соны алып жатырмыз жалпы. Содан кейін 30 см тығыздап, 2 метрге дейін көтереміз жер қабығы негізінде керек.
Құрылыс жұмыстарының екінші кезеңінде инженерлік инфрақұрылым жүйелері тартылады. Ал үшінші кезеңде әуежайдың навигациялық пункттері, жанар-жағармай сақтайтын орындары салынады. Жаңа әуежай арқылы 16 мемлекетке рейс ашуға мүмкіндік бар. Алғашқы кезде батыс өңірлер, Қызылорда, Алматы мен Астана қалаларына ұшақ қатынайтын болады. Халықаралық рейстер үшін Өзбекстан, Әзербайжан және Ресеймен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Мекен Үйсенов, Кендірлі ауылының әкімі:
Бұл әуежай Кендірлінің жалпы туристік әлеуетін арттыруға және курорттық аймаққа қонақтардың келуіне жағдай жасау мақсатында салынып жатқан шаралар деп есептеп отырмыз. Жалпы әуежайдың құрылысына жоба бойынша - 34,5 млрд теңге бөлінген.
Ал 45 мың адам қоныстанады деп жоспарлаған Кендірлі қалашығының бас жоспарын егжей-тегжейлі жобалау жұмыстары әрі қарай жалғасады. Жол картасы әзірленген. Қазір Жаңаөзен-Кендірлі-Әуежай арасындағы инженерлік инфрақұрлымның жобасы жасалып жатыр.
Аягөз Оралбайқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
