Түркістан облысының Арыс қаласында жеткіншектерді кітап оқытуға бағытталған «Kitap like» жобасы жұмыс істеп тұр. Дермене ауылындағы мектеп ұстаздары демеушілерді тарту арқылы кітапхана қорын молайтуда. Әрі жасөспірімдерді ынталандыру үшін кітап оқығандарды марапаттап, облыстың көрікті жерлерін аралатады.
Дермене ауылындағы орта мектеп оқушылары қазір кітапханада жиі бас қосып, оқыған кітаптарын өзара талқылайды. Қосымша тест тапсырып, эссе жазады. Қаншалықты тереңдетіп оқығаны және қалай түсінгені тексеріледі. Оқушылар бұл жобаның пайдалы тұстары көп дейді.
Ерасыл Жүнісбек, оқушы:
Бұған дейін кітапты оқып бітірсем болған еді. Енді кітапты түсініп, ол туралы өзіміздің ойымызда керемет дүниелер сақталатын болды. Мысалы, эссе жазу арқылы біз ойымызды кеңейтіп, кеңірек ойлануға мүмкіндік аламыз. Ауызша сөйлеу арқылы ойымызды анығырақ жеткізе аламыз.
Ұстаздар жобаны толықтай жүзеге асыру үшін ауыл азаматтарын демеушілікке тартқан. Сөйтіп екі жыл кітапхана 400-дей жаңа кітаппен толықты. Қазір балалар кітапханаға жаңа әдебиеттердің түскенін асыға күтеді.
35 жылдық еңбек өтілі бар кітапханашы Жанна Сайлыбаева мектеп қорындағы әдебиеттердің басым бөлігі ескіріп кеткенін айтады. Ал демеушілер тарапынан алынған әдебиеттер қазіргі заманға лайық болған соң, балалардың қызығушылығы артқан.
Жанна Сайлыбаева, кітапхана меңгерушісі:
Әр кітапты отыз данадан беріп жатыр. Сондықтан оны оқушыларға бергенге өте тиімді. Биыл бізге мектебімізді бітіріп жатқан түлектер 150 кітап сыйлады.
Жоба жетекшісі Гаухар Баймаханова қазір бұл бастамаға тек жоғары сынып оқушылары емес, бастауыш сыныптар да қызығушылық танытып, қатысып жатқанын айтады. Яғни бастапқыда 73 бала бағын сынап көрсе, қазір олардың қатары жүзден асқан. Жоба аясында ашық сабақтар мен байқаулар өткізіліп, оқу жылы соңында үздіктері анықталып, марапатталады.
Гауһар Баймаханова, мектеп директорының орынбасары:
Демеуші кісілердің қолдауымен саяхат ұйымдастырып отырамыз. Ол саяхатта Түркістан және Шымкент қаласына, Арыстан баб, яғни мұражайларға саяхат бар. Сонымен бірге балалардың жас ерекшеліктеріне қарай кинотеатрларға апарып, соңғы фильмдерді көрсету.
Бүгінде аталған жоба Арыс қаласындағы және Түркістан облысындағы мектептерде тәжірибе ретінде енгізіле бастаған. Ұстаздар осы арқылы баланы ұялы телефоннан алшақтатып, кітапқа деген құштарлығын арттырмақ.
Айнұр Әбілқасымқызы
