Қызылорда облысында Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу жобасының екінші кезеңі басталмақ. Әлем үшін маңызды экологиялық байыпты бастаманы Дүниежүзілік банк қаржыландыруға әзір.
Ғасыр құрылысы атанған Көкарал бөгеті бүгінде Үлкен Арал мен Кіші Арал теңізін екіге бөліп тұр. Су ресурстары және ирригация министрлігі бүгінде ауқымды жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеп қойды. Онда 12 шақырымдық бөгетті қайта жаңғыртып, Балтық жүйесі бойынша теңіз деңгейін 44 метрге көтеру қаралған. Сондай-ақ Қамыстыбас пен Ақшатау көлдер жүйесін тұрақты суландыру бағытында Аманөткел ауылы маңынан гидроторап салу көзделіп отыр. Дүниежүзілік банктің өкілдері мен Су министрі Арал өңіріне барып, қос тарап мәмілеге келді.
Самех Вахба, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры:
Солтүстік Аралды сақтау жобасы біз үшін өте маңызды. Өйткені ол бүкіл әлемге тұтас бір экожүйені қалпына келтірудің нақты үлгісін көрсетеді. Бүгін біз балық зауытын аралап, бұл жобаны жүзеге асырғаннан кейін өңірде қаншама жұмыс орны ашылатынына көз жеткіздік. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және туризм сияқты салаларды дамытуға болады. Осылайша, бұл жоба бүкіл өңір үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады.
Әділбек Серікұлы
