1 маусымнан бастап Президенттік жастар кадр резервіне құжаттар қабылдау басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 маусымнан бастап Президенттік жастар кадр резервіне құжаттар қабылдау басталады

16.05.2025

1 маусымнан бастап Президенттік жастар кадр резервіне үміткерлерді қабылдау басталады. Құжаттарды тапсыруға бір ай уақыт беріледі. Іріктеу неше кезеңнен тұрады, оның шарттары қандай?

Иә, жастар арасында жобаға деген қызығушылық жыл санап артып келеді. Өйткені резерв азаматтарға мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға мүмкіндік береді. Рүстем Қыдырбеков осы жобаның арқасында небәрі 26 жасында басшылық лауазымға тағайындалған.

Рүстем Қыдырбеков, ҚР Энергетика министрлігі департамент директорының орынбасары:

Іріктеуден өткеннен кейін көптеген ұсыныстар түсіп отырды. Бірақ өзімнің негізгі мамандығым энергетик болған соң қалғым келді. Резерв маған директор орынбасары қызметіне көтерілуге мүмкіндік берді. Оған дейін сен бірнеше жыл бас сарапшы болып жұмыс істеуің керек, одан кейін басқарма басшысы болып жұмыс істеуің керек. 

2019 жылдан бері Президенттік жастар кадр резервіне 400 азамат енген. Бүгінде оның 318-і мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдарда табысты еңбек етіп жүр. Арасында тіпті, Мәжіліске депутат болғандары да бар. Биыл төртінші рет іріктеу кезеңі өткізілмек. Кадидаттарға қойылатын талаптар мен шарттар өзгеріссіз қалды.

Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

Біз қазіргі таңда өздеріңіз көргендей 6 бағытқа бөліп отырмыз. Яғни, әлеуметтік саясат, азаматтық қоғам, экономикалық және қаржылық саясат, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты. Сондай-ақ цифрландыру мен сыртқы саясат және инвестициялар.

Іріктеу 6 кеңнен тұрады. Оған сай кандидаттар тестілеуден өтіп, ситуациялық тапсырмаларды шешеді және сарапшылармен сұхбаттасып, Ұлттық комиссяның отырысына қатысады. Айта кету керек, іріктеу кезеңіне құжаттарды қабылдау маусымның бірінен басталады.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу