Қазақстан мектептерінде педагог тапшылығы жойылды. Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінің мәліметінше, биылғы оқу жылында 14 мың жаңа мұғалім жұмысқа қабылданып, елдегі ұстаздар саны 412 мыңға жеткен. Өңірлер арасында Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласы көш бастап тұр. Сала мамандары мұндай оң өзгеріске алдымен «Педагог мәртебесі» туралы заңның ықпал еткенін айтады.
Қаныбек Жұмашев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы:
Жыл сайын еліміздегі педагогикалық ЖОО-ны бітіретін педагогтердің есебінен, бұрын педагог болған бірақ білім беру саласынан кетіп қалған әріптестеріміздің қайтып келіп жатқандығының есебінен ЖОО, университеттерден орта білім беру саласына педагогтердің көптеп ауысуынан педагогтердің тапшылығы өңірлерде азайды, жоқ десек те болады.
Сондай-ақ биылғы оқу жылында 400 мыңға жуық балаға арналған 257 жаңа мектеп ашылды. Бұл үш ауысымды мектептердің санын үш есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Айта кетейік, осы жылдан бастап барлық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқу тегін болды. Қазір бұл жүйеде 565 мың студент білім алуда.
Серік Жұмабек
