Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында соқыр ішекпен ауырып келген көп балалы ана ауруханада қайтыс болды. Марқұмның жақындары қазаға дәрігерлерді кінәлап отыр. 42 жастағы аудан тұрғынына операция алдында анестезия салған, соның салдарынан анафилактикалық шок пайда болып, көп ұзамай жан тапсырған. Марқұмның артында жұбайы мен 4 баласы қалды. Кенжесі небәрі 3 жаста. Аудан ауруханасында осымен соқыр ішек дертінен 3 адам қаза болған.
Меруерт Тамабекова, марқұмның туысы:
4 бала анасыз қалып отыр, қалай шыдап отырғанын білмеймін. Тіпті болмаса қағазбен қалып, операцияға жібермегенде осы жағдай болмас еді. Қашанғы шыдауға болады? Қаншалықты шыдаймын дейсіздер?
Қайғылы жағдайдан кейін аурухана директоры, оның орынбасары, хирург және анестезиолог маман жұмыстан уақытша шеттетілді. Ал марқұмның жақындары дәрігерлерді сотқа беруге ниетті. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мониторинг жүргізіп, 40-қа жуық зейнет жасындағы дәрігерлерді жұмыстан шығармақ. Оның орнына жас, әрі білікті мамандар аламыз дейді. Өңірде дәрігер тапшылығы айтарлықтай сезілуде.
Еркебұлан Бейсенбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Қайғылы оқиғадан кейін мониторинг топ құрып, осында келіп жұмыс жасадық. Әрине қателік бар. Сол қателіктерді шығарып, бірнеше жазалар тағайындадық.
Жандос Бақытұлы
