Атыраулық дзюдошы бала әншілігімен елді таңғалдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулық дзюдошы бала әншілігімен елді таңғалдырды

16.05.2025

Бұл әлеуметтік желіде көпті сүйсіндірген 14 жастағы атыраулық спортшы Иса Бекболат. Жаттығу залында «Балқадиша» әнін шырқаған оның бейнежазбасы бір тәулікке жетпей миллионға жуық қаралым жинады. Тыңдарманның ыстық ықыласына бөленген талантты жаспен өңірдегі әріптесім кездесті.

Иса үйінің ортаншысы. Көпбалалы отбасында өскен елгезек бала өнерге кішкентайынан бейім. Қолы бос кезде әкесімен қосылып ән шырқайды. Анасы да өнерден кенде емес.

Ильяс Бекболатұлы, Исаның әкесі:

Жақсы жаңалықты айтқанда, басында қуануға шыны керек, ата-ана ретінде мен қорықтым. Тіл-көз деген бар ғой. Сол жағынан қатты алаңдадым. Содан соң жәймендеп сабама келдім. Қуаныштымын. Бұйырса, спорт жағына ма, әлде өнер жағынан кете ме, өзі таңдайды.

Түрлі байқауларда топ жарған талантты жас көбіне дәстүрлі, халық әндерін шырқағанды жаны сүйеді. Исаның өнерін бірден байқаған музыка пәнінің мұғалімі оған 1-ші сыныптан бастап жол көрсетіп келеді.

Эльмира Қайрошева, музыка пәнінің мұғалімі:

Бос уақытында маған үйіме келіп тұрады. Апай бөлек жұмыстан тыс уақытта, кешкілікте ән айтқым келіп бара жатыр деп. Бірге ән шырқаймыз сөйтіп.

Жаттықтырушысымен бәстесіп, ұтылып қалған Исаны достары сол күні жаттығу залында ән салуға қолқалапты. Осылайша әлеуметтік желіде тарап кеткен Исаның әсем әуені көпті тәнті етті.

Дархан Кежетаев, досы:

Иса жаттығудан кейін бізге демалдырып ән айтып береді. Сол бір ән айтқанын біздің ағайымыз желіге салып жіберіпті. Осындай досымның барына мақтанамын.

Иса Бекболат:

Күресті де, өнерді де алып жүргім келеді бірге. Алдағы уақытта мамандығым басқа болса да, екеуін де бірге алып жүргім келеді. Тастағым келмейді. Сабақ үлгерімім де жақсы, барлығына үлгеріп жатырмын. Әкем айтады, жан-жақты бол дейді. Сонда жарып шығасың дейді.

Жас өнерпазға спорттағы достары киелі домбыраны сыйға тартты. Талантты жас әлеуметтік желіде өз замандастарына қазақтың дәстүрлі әндерін насихаттауды көздейді.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу