Мемлекеттік кеңесші Ясауи мұрасына арналған халықаралық симпозиумға қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Мемлекеттік кеңесші Ясауи мұрасына арналған халықаралық симпозиумға қатысты

Мемлекеттік кеңесші Ясауи мұрасына арналған халықаралық симпозиумға қатысты

Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер. Осындай атаумен халықаралық симпозиум басталды. Түркістандағы ауқымды шараға 100-ге жуық белгілі ғалым қатысып жатыр. Қонақтар Германия, Үндістан, Иран, Италия, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан мен Жапония елдерінен келген. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин халықаралық симпозиумның ашылуына қатысты. Ерлан Қарин жиын барысында Мемлекет басшысының қатысушыларға арналған құттықтау хатын оқып берді. Бұл симпозиумды өткізу туралы бастаманы Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында көтерген болатын. Президент осы алқалы жиында: «Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет»,- деген болатын. Мемлекеттік кеңесші бұл ауқымды шара Ясауидің гуманистік идеяларын жүйелі зерттеуге және рухани-зияткерлік мұрасын ілгерілетуге зор үлес қосатынын атап өтті.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі: 

Қожа Ахмет Ясауи ұлт руханиятында айрықша орны бар тұлға. Адамзат өркениетінің алтын қорына баға жетпес қосылған «Диуани хикмет» шығармасындағы бабамыздың өсиеттерімен, гуманистік идеялары әрдайым өзекті. Оның мол мұрасын дәріптеу, отандық және халықаралық ғылыми қауымдастықтың алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда өтіп жатқан бүгінгі алқалы жиын Ясауи еңбектерін зерттеуге, жалпы мәдени байланыстарымызды нығайтуға тың серпін береді деп сенемін.

Самал Қабышева

Бөлісу