Астанада Вьетнамға тур ұйымдастырамын деп тұрғындардың 17 миллион теңгесін жымқырған алаяқ сотталды. Бұл туралы қалалық прокуратура хабарлады. Алданғандар жалған туроператордың жеке шотына 200 мыңнан 500 мың теңгеге дейін ақша салған.
Желіде шетелге арзан билет алудың жолын білетінін айтып, жарнама жасаған алаяқ 70 адамды сан соқтырған. Тұрғындар алданғандарын әуежайға жеткенде ғана білген. Өйткені туроператор ақшаны алғаннан кейін бірден жалған электронды билет пен түбіртекті көрсеткен.
Райымбек Ұлықбанов, Нұра ауданы прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры:
Зардап шеккендер арасында ересектер де, балалар да бар. Кінәлі тұлға әуе билеттерін нарықтағыдан төмен бағамен ұсынып, клиенттеріне оларды арнайы байланыс арқылы сатып алатынына сендірген.
Алданғандар жолдан қалып қойғанымен, алаяқ ұсталып, ақшаны түгел қайтарған. Сот оны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Құзырлы органдар осындай жағдайға тап болып, арам пиғылдылардың арбауына түсіп қалмас үшін туристік агенттіктің лицензиясы бар-жоғын тексеріп алу керегін айтады.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Елімізде турфирма ретінде ресми тіркелген 700-дей агенттік бар. Олардың тізімін «Тур код» қосымшасы арқылы көре аласыз. «Іздеу» бөліміне өтіп, турфирманың атауын жазсаңыз, кез келген оператор жөнінде толық ақпарат алуға болады. Ал билетті сатып алып қойған болсаңыз агенттіктен туркод нөмірін сұрап алыңыз. Өйткені, сол нөмірді қосымшаға енгізіп, жолға шықпай тұрып турфирманың лицензиясын тексеруге мүмкіндік бар.
Асылхан Есілов , «Туристік қамқор» қорының директоры:
Туристер билет сатып алғанда туркодты міндетті түрде сұрау керек. Туркод бұл біріншіден туроператорлардың міндеттемелерін орындайтынына кепілдік. Олар жүйеге кірмейді басқаша, бұл оларға міндет.
Сенімді операторлардың тізімін Туризм және спорт министрлігінің сайтынан да табуға болады. Турды сатып аларда туристік қызмет көрсету туралы шартты, ұшақ билеттері мен ваучерді де талап етуге құқылы екеніңізді ұмытпаңыз.
Жәнель Өтеулі
