Ақтөбе облысында қызғалдақпен суретке түскен ауыл әкіміне қатысты сот отырысы басталды. Мұғалжар ауданы, Жұбанов ауылдық округін басқарып отырған келіншек кінәсін мойындаған жоқ.
Естеріңізге салсақ, әкім қызғалдақпен түскен суретін әлеуметтік желіге салып, ол құқық қорғаушылардың назарын аударған. Нәтижесінде оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Бүгінгі сот барысында мемлекеттік қызметші гүлді отбасымен табиғат аясында демалып жүргенде қыздарының сыйлағанын айтты. Ол жерде өсімдікті жұлуға болмайтыны туралы ескерту белгілері болмаған. Арнайы шақырылған маманның өзі суреттегі қызғалдақтың «Қызыл кітапқа» енген түрі ме, басқасы ма айта алмады. Сот отырысы кейінге қалдырылды.
Ауыл әкімі:
Жол бойында ешқандай ескерту, ақпараттық тақта немесе қорғау белгісі орнатылмаған. Айналамызда сиырлар, жылқылар жайылып жүрді. Қыздарым «Маматай, мынау сізге деп, 10-15 тал шамамен гүл жұлып сыйлады. Ойымда артық ештеңе жоқ, аналық инстинкпен балаларымның берген гүлі ғой деп, фотоға түстім және өзімнің уатсап статусыма салдым.
Мұратбек Дүйсенбаев, Мұғалжар аудандық полиция бөлімі ювеналдық полиция тобының аға учаскелік инспекторы:
Әлеуметтік желіден қызғалдақ гүлімен суретке түсіп, жариялағаны белгілі болды. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген гүл болғандықтан. Бұл жерде айғақ зат болмағандықтан қылмыстық іс қозғалған жоқ. Сол себепті ата-анасы балаларын қадағаламағаны үшін әкімшілік хаттама толтырдық, 127 баппен.
Жақсыбек Кемал
