Ақтөбе облыстық мұрағатында майдангерлер мен тылда еңбек еткен азаматтарға қатысты ерекше құжаттар сақтаулы. Олардың ішінде, Әлия Молдағұлова, Шығанақ Берсиев секілді белгілі тұлғалардың ұрпақтары тапсырған жәдігерлер де бар. Мәселен, соғыс жылдарында «Ақ тарының атасы» өсірген дәннің қазіргі тарыдан екі есеге үлкен болғанын осы жерден білуге болады.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Ақтөбе өңірінен Кеңес одағының 35 батыры шыққан. Олардың он тоғызына қатысты деректер облыстық мұрағатта сақтаулы тұр. Бұл жерде сол кездегі 17-18-дегі қыздардың майданға өз еріктерімен сұранып жазған арыздары да бар. Олардың бірсыпырасы көрмеге қойылған.
Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған бұл көрмеде өңірден шыққан батырлардың жеке құжаттары, алған марапаттары мен жазған хаттарына дейін бар. Ал Шығанақ Берсиевке қатысты деректерді оның ұрпақтары әкеліп тапсырған. Бір қызығы, әйгілі рекордшы өсірген тарының бір дәнінің салмағы 8 граммға дейін жеткен. Ал қазіргі тары түрлері 3-4 грамнан аспайды екен. Сондай-ақ архивте Әлия Молдағұловаға қатысты да ерекше құжаттар бар.
Жанаргүл Әжіғалиева, Облыстық мемлекеттік архивінің бөлім басшысы:
Ерекше құжаттар деп мысалы, Әлия Молдағұлованың Сапураға жазған хаттары, әкесінің 44 жылы жазған естеліктері, бұл кісінің өзінің фотоқұжаттары, Ленинградта оқыған мектебінің суреттері бар.
Мұрағат қызметкерлері студенттерге арналған танымдық дәрістер жүргізіп жатыр. Оған болашақ тарихшылардың қызығушылығы ерекше. Олардың қатарында тыл еңбеккерлерінің өмірін зерттеймін дегендері көп.
Нұрбол Әлмұратов, студент:
Тылдағы еңбек қандай болды, соғыс кезіндегі адамдардың жағдайы қалай болды, соның бәрі қызықтырады. Біз өзі тарих мамандығы, ғылыми тарих болғандықтан соны зерттейміз, сондықтан бұл мәліметтер қажет болады.
Бұл деректер өте құнды. Сондықтан келушілер оларды тек әйнектің сыртынан тамашалай алады. Соғыс тақырыбына қатысты құжаттарды зерттеуге көрші мемлекеттерден де ғалымдар мен тарихшылар жиі келеді.
Виктор Никишов, зерттеуші ғалым:
312-ші атқыштар дивизиясының тарихы ерекше қызықтырады. Жалпы жеңісті жақындатуға қазақстандықтардың ерлігі мен еңбегі зор болды. Мен бірнеше құнды деректер таптым.
Мұрағатта Кеңес одағы батырларының басқа жерде кездеспейтін фотосуреттері де бар. Ал тыл еңбеккерлеріне қатысты деректер әлі де зерттеуді қажет етеді.
Жақсыбек Кемал
