Норвегияда қазақстандық жауынгерге арналған мемориалдық тақта ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Норвегияда қазақстандық жауынгерге арналған мемориалдық тақта ашылды

10.05.2025

Норвегияда қазақстандық жауынгерге арналған мемориалдық тақта ашылды. Мемориал еліміздің Норвегиядағы елшілігі мен жергілікті тұрғын Пер Коре Холдал басқарған белсенді топтың бастамасымен салынған. Сербия, Финляндия, Аустрияда да Еуропаны азат ету жолында мерт болған кеңестік және қазақстандық сарбаздарға құрмет көрсетілді.

Мемориалдық тақта 1945 жылдың наурызында Норвегияның Солтүстігіндегі фашистік лагерьден қашу әрекеті кезінде қаза тапқан үш кеңес сарбазының құрметіне ашылды. Ерлік танытқандардың арасында қазақстандық Иван Порозонюк болған. Жауынгердің туысы Қостанайдан арнайы келіп, мәртебелі шараға қатысты. Отандық дипломаттар Норвегияда жерленген 74 қазақстандық жауынгердің есімін анықтаған.

Сербия үкіметінің өкілдері мен еліміздің осы мемлекеттегі елшілігінің ұжымы «Белградты азат етушілер» мемориалды кешеніне гүл шоқтарын қойды. Белград үшін шайқасқа Қазақстанда құрылған 73-гвардиялық атқыштар дивизиясы белсенді қатысқан. Жалпы, бүгінге дейін Югославияны азат ету жолында мерт болған 200-ге жуық қазақстандықтың есімі анықталды.

Никола Селакович, Сербияның мәдениет министрі:

Қонақжай бауырлас Қазақстан халқын Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын. Бізге жасаған қолдауларыңызға алғысымыз шексіз. Сербия мен Қазақстанның достығы мығым.

Йована Джекич, Белград қаласының тұрғыны:

Біз қазақ халқына алғысымызды білдіреміз. Сұрапыл соғыста Белградты азат етудегі Кеңес әскерімен бірге қазақ жауынгерлерінің ерлігін ешқашан ұмытпаймыз.

Аустрияда да Венаны азат ету кезінде қаза тапқан Кеңес сарбаздарына құрмет көрсетілді. Еліміздің осы мемлекеттегі елшілігінің ұжымы қаланың орталығындағы монументке гүл шоқтарын қойып, батырлардың рухына тағзым етті.

Еліміздің Финляндиядағы елшілігінің қызметкерлері де елдің Ханко қаласындағы Кеңес жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Мұнда гранит тастарға 186 кеңес жауынгерінің есімі ойып жазылған. Дипломаттардың ендігі көздегені қалған 267 жауынгердің кім екенін анықтау.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу