Қызылорда облысында өрт сөндіру құрылымында 300-ге жуық азамат қызмет етеді. Аймақ өрт сөндірушілері жыл басынан бері 148 мәрте қызыл жалынды ауыздықтауға шығып, шарпыған оттың арасынан 28 адамды ажалдан құтқарған. Сыр өңірінде қауіп-қатерге толы қызметті абыройлы атқарып, өнерімен де көпті тәнті етіп жүрген ерлер бар.
Мақсат Алтынбекұлы қаладағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы. Қазақтың киелі домбырасын жанына серік еткен сері жігіт өнер мен қызметті қатар алып жүрген талантты азамат. Айбынды өрт сөндіруші түрлі мерекелік салтанатты шараларда жыр төгіп, елдің ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Мақсат Алтынбекұлы, өрт сөндіруші:
Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра дейді. Әр қазақтың шаңырағында, төрінде қазақтың қара домбырасы ілініп тұруы керек деп ойлаймын. Мәдени іс-шараларда қолымыздан келгенше өнерімізді аянып қалмай көрсетіп, жұрттың алғысын алып, батасын алып жүрген жайымыз бар.
Жыршылық-күйшілік өнер Мақсатқа қаннан дарыған қасиет. Сыр сүлейлерінің ізін жалғап, домбырасын үнемі өзімен алып жүреді. Тіпті, ол қызмет бабында да бөлім жауынгерлерін ұлттық аспаптың құдыретімен рухтандырып отырады. Өнері жалындаған өрт сөндіруші бүгінде аймақтағы білікті офицерлердің бірі.
Мақсат Алтынбекұлы, өрт сөндіруші:
Ең бірінші жанып жатқан жерде өз өмірімізді бәйгеге тіге отырып, біз өзгенің өмірін құтқаруға арпалысамыз деп білем. Үйдегі анамыз, әкеміз, жұбайымыз кезекшілікке шыққан уақытта дұғада болып, аман барып сау қайтуымызды тілеп отырады.
Бөлім жауынгерлері кез келген уақытта жалынмен арпалысуға сақадай сай дайын. Кезекші бөлімнен кезекті дабыл қағылып, өрт сөндіру тобы шұғыл оқиға орнына аттанды.
Әділбек Серікұлы
