Батырлардың ерлігіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батырлардың ерлігіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды

09.05.2025

Соғысқа қатысқан ардагерлерді ардақтап, рухтарына тағзым ету – әрқайсымыздың міндетіміз. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай бүгін бірқатар билік өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер соғысқа аттанған жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, майдангерлердің рухына тағзым етті.

Сенат төрағасы М.Мәметованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Жеңіс күніне орай Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, сұрапыл соғыста қаза тапқан майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мәулен Әшімбаев Жеңіс күні ел тарихында және әрбір қазақстандықтың өмірінде ерекше орын алатынын атап өтті. Келер ұрпақтың бейбіт заманы үшін өзінің өмірін құрбан еткен Мәншүк Мәметованың және барлық майдангердің ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз,-деді. Сондай-ақ Сенат Төрағасы соғыс ардагері Василий Сердюковпен кездесіп, мерекемен құттықтады.

Мәжіліс төрағасы Б.Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Ал Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай гүл шоқтарын Бауыржан Момышұлының ескерткішіне қойып, қаза тапқан қаһармандардың рухына тағзым етті.

Бауыржан Момышұлы – қазақтың көрнекті жазушысы, Кеңес Одағының Батыры. Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін 1942 жылы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бұл награда оған қайтыс болғаннан кейін 1990 жылы берілді.

Премьер-министр Т.Бигелдиновтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Ал Қазақстанның авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне Премьер-министр Олжас Бектенов қатысты. Соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлер мен барша майдангерлерді еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.

Мемлекеттік кеңесші Ә.Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Салтанатты рәсімде Ерлан Қарин Президент тапсырмасына сәйкес атаулы датаға орай көптеген іс-шара жоспарланғанын жеткізді. Биыл еліміз Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Қазақтың қайсар қызының өмір жолы мен ерен ерлігін паш ететін деректі фильм түсіріліп, көрмелер мен спорттық-мәдени шаралар өтпек.

Президент әкімшілігінің басшысы Р.Қошқарбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Ал Рейхстагқа алғаш болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткішіне Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай гүл шоқтарын қойды. Майданда ерлікпен қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етті. Сондай-ақ Ақмола, Солтүстістік Қазақстан және Қарағанды облыстарында Жеңіс күніне орай шара өтіп, жиналғандар опат болған жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Темірлан Нұрсолтан 

Хабарламаларға жазылу