Соғыс жылдарында жазылған хаттар негізінде фильм түсірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соғыс жылдарында жазылған хаттар негізінде фильм түсірілді

09.05.2025

Алматыда Жеңістің 80 жылдығына орай «Эвакуация» антисоғыстық драмасының жабық көрсетілімі өтті. Фильмнің түсіріліміне «Қазақфильм» киностудиясы қолдау білдірген. Туындының режиссері Фархат Шәріпов сұм соғыстың қасіретін қарапайым адамдардың оқиғасын негізге алып, көркем жеткізген.

Фильмнің басты кейіпкерлері – Наталья мен қызы Галя аман қалу үшін шығысқа қарай жол тартады. Алайда теміржол бекеттерінің бірінде Наталья перзентінен көз жазып қалады. Адасып қалған бүлдіршінді күйеуі соғысқа кетіп, шиіттей балаларымен жалғыз қалған келіншек Гүлбаршын тауып алады.

Алтынай Нөгербек, актриса:

Бір топ адамдардың тағдыры жайлы ғой. Сөйтіп Қазақстанда ол қызын жоғалтып, сол қызын біз бауырымызға басып, соңында олардың кездесуіне себепкер болатын кейіпкерміз. Күйеуімді сағынған сахна, жолдасымды шығарып салған сахна қиындыққа соқты.

Фильм ақ-қара түсте, соғыс жылдарындағы киношежіре стилінде түсірілген. Қан майданды көріп, тылда еңбек еткен адамдардың жазған хаттары мен очерктері туынды сценариіне арқау болды. Кино Алматыда түсірілген. Соғыс жылдарындағы атмосфераны мейлінше дәл әрі шынайы жеткізгім келді, дейді режиссер Фархат Шәріпов.

Фархат Шәріпов, режиссер:

Алғашында телехикая ретінде жоспарладым. Жан-жақты зерттеліп, жинақталған құнды материалдар көп болды. Содан соң толықметражды фильмге айналдырдым. Ауқымды премьераны 19 маусымға жоспарлап отырмын. Оның да өз себебі бар. Сол күні Ұлы Отан соғысы басталған еді.

Тарихи фильмнің түсіріліміне «Қазақфильм» киностудиясы қолдау білдірген.

Гүлнәр Дәрібаева, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы» АҚ баспасөз бөлімінің басшысы:

Біздің «Қазақфильмде» павильондар бар, үлкен техникалық база бар. Костюм, грим, камералар соның барлығымен қолдау жасалды.

Фильм бұған дейін әлемдік премьера 47-Мәскеу халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауына өтіп, қазылар алқасының арнайы күміс жүлдесімен марапатталған.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу