Үндістан мен Пәкістан арасында жағдай ушығып барады. Қақтығыстардан екі жақтан ондаған адам қаза тапқан. Шиеленіс кең ауқымды соғысқа ұласып кете ме деген қауіп те бар. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.
Екі ядролық мемлекет – Үндістан мен Пәкістан арасында жағдай шиеленісті. Тараптар бірін-бірі зымыран шабуылы үшін айыптап отыр. Пәкістан кешеден бері Үндістанға тиесілі 25 дронды атып түсіргенін мәлімдеді. Ал Үндістан Лахордағы зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне соққы бергенін айтып, Пәкістанға ескерту жасады.
Субраманьям Джайшанкар, Үндістанның сыртқы істер министрі:
Жағдайды ушықтыру ниетіміз жоқ. Дегенмен бізге әскери шабуыл жасалса, оған қарымта жауап қайтаратынымызға күмән болмауы керек.
Шабуылдардан көршілес екі мемлекетте ондаған адам қаза тапқан. Пәкістанда 31 адам мерт болып, 57 тұрғын жараланды. Үндістан тек террористік нысандарға соққы бергенін мәлімдеді. Ал ресми Исламабад ел аумағында мұндай нысандардың барын жоққа шығарды. Пәкістанның Үндістанға жаудырған оғынан 16 бейбіт тұрғын опат болды. Шиеленістің ушығуына өткен айда Кашмирдің үндістандық бөлігінде 26 турист шабуылға ұшырап, қаза табуы себеп. Сол қантөгіс үшін Үндістан Пәкістанды айыптады. Ал соңғысы өзіне тағылған кінәні мойындамай отыр.
Ахмед Шариф Чаудри, Пәкістан армиясының баспасөз хатшысы:
Үндістан Пәкістанға қарсы абайсыз мәлімдеме жасап, жазықсыз бейбіт тұрғындарды нысанаға алды. Біздің күштер Пәкістан халқының толық қолдауымен бүгінде дұшпанға қатаң әрі лайықты жауап қайтарып жатыр.
Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф жазықсыз адамдардың өлімі үшін кек қайтаратынын ескертті. Мұндай мәлімдемеден кейін Оңтүстік Азияның екі ядролық державасы арасындағы атыс кең ауқымды соғысқа ұласып кете ме деген қауіп күшейіп отыр. Осындай шақта Үндістан Пәкістанмен шекаралас ауылдарынан мыңдаған адамды эвакуациялады.
Малкит Сингх, тұрғын:
Үкіметтен атысты тез арада тоқтатуды сұраймыз. Бейбітшілік пен келісім орнауы керек.
Әлем лидерлері екі ядролық мемлекет арасында қақтығыстың өршуіне алаңдаушылық білдірді. АҚШ президенті тараптарды кикілжіңді тоқтатуға шақырды.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Менің ұстанымыма келер болсақ, екі елмен де қарым-қатынасым жақсы. Мәселені екеуі өзара шешкенін қалаймын. Ал көмек керек болса, келемін.
Ал ЕуроОдақ өкілдері соғыс ешкімге пайда әкелмейтінін, шиеленісті бәсеңдету үшін арағайын болуға тырысып жатқанын мәлімдеді.
Арай Төлегенқызы
