Абай облысында ардагерлерге құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында ардагерлерге құрмет көрсетілді

08.05.2025

Абай облысында көзі тірі үш майдангер ғана қалған. Жеңіс мерекесі қарсаңында ардагерлерді облыс әкімі Берік Уәли арнайы барып құттықтады. Жеңістің 80 жылдығына орай жолдаған Президенттің құттықтауын оқып, мерекелік медаль табыс етті.

104 жастағы соғыс ардагері, Халық қаһарманы-Әбдіғали Қаймолдин 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, 1945 жылдың 9 мамырына дейін Сталинград, 1-Украина, 1-Беларусь, 3-Балтық майдандарында болған. Харьковті азат етуге атсалысты. 2023 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз және «Отан» орденімен марапатталған. Бүгін ардагерге мерекеге орай Президенттің құттықтауын облыс әкімі жеткізді.

Берік Уәли, облыс әкімі:

Сізге Президентіміз құттықтау хат жолдап отыр. Рұқсат болса, оқып берейін. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын. Сіз сұрапыл жылдары Отан үшін от кештіңіз. Батырлық пен батылдықтың озық үлгісін көрсеттіңіз. Біз ардагерлеріміздің ерен ерлігін ешқашан ұмытпаймыз.

Ал Иван Шевцов майдан даласына 18 жасында аттаныпты. Польша мен Чехословакияны азат еткен. Батырлығы мен ерлігі үшін II дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерін иеленген. Соғыстан кейін ұзақ жыл Семейдегі кәсіпорындардың бірінде еңбек етті. 99 жастағы қария сұрапыл жылдардағы естеліктерімен бөлісіп, Жеңіс күнін қалай қарсы алғанын әлі күнге жырдай етіп айтады.

Иван Шевцов, соғыс ардагері:

Жеңіске жеткенімізді естігенде көзімізден қуаныштың жасы қалай парлағанын ұмыта алмаймын. Бұл күнді әрқашан атап өту керек. Қандай қиындықпен келгенін ұмытпауымыз тиіс. Бүгінгі құттықтаудан керемет әсер алдым. Әскери оркест көңілімді көтерді. Алғысым шексіз.

Соғыс ардагерлері тұратын үйдің ауласында Ұлттық ұлан оркестрі отты жылдардағы әуендерді орындап, майдан әндерін шырқады. Мерекелік медальдармен қатар, майдангерлердің әрқайсына 5 млн теңгенің сертификаты мен облыс әкімдігінің арнайы сыйлығы табысталды.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу