Пәкістан мен Үндістан арасындағы қақтығыс жалғасуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пәкістан мен Үндістан арасындағы қақтығыс жалғасуда

08.05.2025

Үндістан мен Пәкістан арасындағы жағдай ушығып барады. Өткен тәуліктегі қақтығыстардан ондаған адам қаза тапты. Қазір шекара маңындағы ауыл тұрғындары үдере көшіп жатыр. Оңтүстік Азияның екі ядролық державасы арасындағы шиеленіске Арыстан Рысбек толығырақ тоқталады.

Үндістан мен Пәкістан арасындағы жағдай әзірге шиеленісіп тұр. Бүгін таңертең Пәкістанның Лахор қаласындағы әуе базасының маңында үндістандық дрон атып түсірілді. Сонымен қатар, жергілікті GeoTV арнасы жарылыстың жаңғырығы естілгенін хабарлап отыр.

Осындай шақта Үндістан Пәкістанмен шекаралас ауылдарынан мыңдаған адамды эвакуациялап жатыр.

Арджун Сингх, Үндістанның Раджастан штатының тұрғыны:

Осындай сынаққа тап болып отырмыз. Жаз келді, малымызды да көшіретін болсақ, қуаңшылықтан сиырларымыз қырылып қалатын шығар. Бірақ ауылдан кетуге тиіспіз. Бұйрық солай.

Үндістан Пәкістан мен пәкістандық Кашмирге сәрсенбіде зымыран шабуылын жасады. Одан қаза тапқандар саны 31-ге жетіп, 57-сі жараланған. Көп кешікпей Исламабад та көрші елге оқ жаудырды.

Үндістанда 15 тұрғын мерт болған. Сонымен қатар Пәкістан үндістандық Кашмирде үнді армиясының бес ұшағын құлатқанын хабарлап отыр. Алайда Нью-Дели бұл ақпаратты растамады. Екі жақ арасындағы шиеленістің ушығуына өткен айда үндістандық туристердің шабуылға ұшырап, қаза табуы себеп. Сол қантөгіс үшін Үндістан Пәкістанды айыптады. Ал қарсы жақ өзіне тағылған кінәні мойындамай отыр.

Ахмед Шариф Чаудри, Пәкістан армиясының баспасөз хатшысы:

Қорқау Үндістан Пәкістанға қарсы абайсыз мәлімдеме жасап, жазықсыз бейбіт тұрғындарды нысанаға алды. Біздің күштер Пәкістан халқының толық қолдауымен қазіргі уақытта дұшпанға қатаң әрі лайықты жауап қайтарып жатыр.

Үндістан қорғаныс министр Раджнат Сингх үнді армиясының Пәкістанда бейбіт халықты емес, туристерді өлтірген содырларға ғана соққы бергенін мәлімдеді.

Соңғы мәліметке қарағанда, Пәкістанда төрт, Үндістанда жиырмадан астам әуежай жабылған.

Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф болса, жазықсыз адамдардың өлімі үшін кек қайтаратынын ескертті. Мұндай мәлімдемеден кейін Оңтүстік Азияның екі ядролық державасы арасындағы атыс кең ауқымды соғысқа ұласып кете ме қауіп күшейіп отыр.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу