Отан қорғаушы күні әскери теңізшілер үшін де ерекше мереке. Бірақ соған қарамастан, олар мерекені ашық теңізде өткізеді. Өйткені олардың жұмысы қалтқысыз қырағылықты қажет етеді. Каспий теңізінің Қазақстан аумағына жауынгерлік жорық жасап, іздеу-құтқару жұмыстарына атсалысып, теңізде мұнай мен газ өндіретін нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ел тыныштығын кірпік қақпай күзетіп жүрген матростармен Аягөз Оралбайқызы жүздесті.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Еліміздің әскери теңіз флоты кез келген уақытта өзіңіз жауынгерлік міндетін атқаруға дайын. Тіпті мереке күндері де солай. Бүгін 10 кеме жорыққа шығуға сақадай сай тұр. Ал оларды бастап жүретін - Маңғыстау зымыранды кемесі.
«Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемесі Қазақстанның әскери-теңіз флотының флагмандық кораблі. Яғни, ол басқа кемелердің іс-қимылын үйлестіріп отырады. Кеме экипажы Каспий маңы мемлекеттерінің бірлескен әскери оқу-жаттығуларында тәжірибе жиған. Шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, құтқару операцияларына да қатысады.
Ермекбай Оспанов, «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемесінің командирі:
Жауынгерлік кезекшілік кезінде, теңізде кетіп бара жатқан кезде Төтенше басқарма бөлімшелерінен біздерге хабарлама келді. Ақтау маңында 2 адам теңізде жоғалып кетті деген мәселемен хабарласты. Біздер оны радиолокациялық құрылғысымен бірге анықтадық. Су бетінде екі адам қалқымалы заттың үстінде жүзіп кетіп бара жатқанын құтқардық.
Матростар мен офицерлер кемеде 14 күн қатарынан болады. Осы уақытта олардың тыныс-тіршілігіне, тазалығы мен медицина жағынан қамтамасыз етілуіне тікелей кеменің бас старшинасы жауапты. Әміржан Майданов бұл қызметті абыроймен атқарып келеді. Орал қаласының тумасы әскери теңіз күштерінде жұмыс істеу үшін, Маңғыстауға қоныс аударған.
Әміржан Майданов, «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемесінің бас старшинасы:
Әрбір матрос пен старшинаның ең бірінші жауынгерлік даярлығына және де кеменің дайындығына дейді ғой, сол дайындығына мен толықтай атсалысамын. Таңғы жаттығуға келіп, кешке дейін олар ұйықтағанша қастарында боламыз.
Әскери теңізшілер мереке күндері де қауіпсіздікті қырағы қадағалайды. Олар үшін 7 мамыр - Отан қорғаушы күнінің орны бөлек. Бұл жолы жауынгерлер мерекені ашық теңізде атап өтеді.
Аягөз Оралбайқызы
