Израиль Газа секторын толық басып алуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израиль Газа секторын толық басып алуы мүмкін

06.05.2025

Израиль министрлер кабинеті Газа секторында кең ауқымды әскери операция жүргізуге әзірленіп жатыр. Мақсаты – палестиналық анклавты толық басып алу, оған енетін жүкті бақылау және «хамастықтарға» тойтарыс беру. Министрлер кабинетіндегі қатаң позиция ұстанған лауазымдылар бұл жоспарды қолдады. Олардың пікірінше, Трамптың жоспары бойынша газалықтарды жерінен көшіріп, секторды курорттық мекенге айналдыратын мүмкіндік туып отыр. Бірақ Израиль үкіметінің ресми өкілінің мәлімдеуінше, әскери операцияның көздегені - оккупация емес, хамастықтарды жою.

Айта кетсек, осы науқан үшін қазір Израильде резервистер армия қатарына шақырылып жатыр. Бұл жоспар халықтың бәріне ұнамады. Иерусалим тұрғындары шеруге шығып, премьер-министрге наразылық білдіріп, полициямен қақтығысты.

Ифат Гадот, шеруге қатысушы:

Біздің Биби - жемқор әрі қылмыскер лидер. Оған бұл соғыс билікте қалу үшін керек. Израильге жаны ашымайды. Ол кепілдіктегілерді құрбандыққа шалып, ұлдарымыз бен қыздарымызды Газаға соғысқа айдап жатыр. Сол жастар Нетаньяхудың тағы үшін қырылмақ.

Нетаньяху сот алдында жауап берді

Ал премьер Биньямин Нетаньяху жемқорлық ісі бойынша сот алдында жауап беріп жатыр. 2019 жылы үкімет басшысына пара алды, алаяқтық жасады, қызметін асыра пайдаланды деген айыптар тағылған еді. Алайда Нетаньяху бұл қылмыстарды жоққа шығарып, кінәсін мойындамай отыр.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу