Арыстық оқушы әлемнің 86 университетінен шақырту алған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстық оқушы әлемнің 86 университетінен шақырту алған

06.05.2025

Түркістан облысы Арыс қаласының оқушысы әлемнің 86 университетінен шақырту алды. «Білім-инновация» лицейін тәмамдайтын Айсұлтан Алтынбекке шетелдік оқу орындары 4,6 миллион доллар көлемінде грант тағайындап отыр. Ал IT саласын таңдаған жас түлек дүниежүзіндегі озық университеттерде білім алып, болашақта өзі сияқты талапкерлерге арналған платформа құруды армандайды. Әлем назарын аудартқан талапты оқушымен Айнұр Ақбаева кездесті.

Инновация лицейінде оқитын Айсұлтан Алтынбек соңғы екі жылда шетелде оқимын деген алдына мақсат қойған. Шетелде өзі сияқты жастармен араласып, жаңа ортада өзгенің мәдениетін танысам деген ниетпен үздіксіз ізденген. Нәтижесінде ол АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Малайзия, Испания сияқты дамыған елдердегі университтерге құжатын жіберіп, 86-сынан шақырту алған. Барлығы да арнайы грант ұсынып отыр.

Айсұлтан Алтынбек, 11-сынып оқушысы:

Көбінесе Америкадан келді. Қазіргі таңда нақты 86 шақырту бар. Әлі күнге саны өсіп жатыр. Негізінде нақты мамандығым IT саласы болғандықтан, Италия немесе Малазия мемлекеттерін жөн көріп жатырмын. Ұтқан сумма тек қана оқу ақысын жаппай, жатақхана, тамақ және 4 жыл уақытқа және қосымша гаджеттерді беруге мүмкіндік береді.

Италияда оқу - Айсұлтанның арманы. Қазір сондағы 3 оқу орнынан шақырту күтіп отыр. Ағылшын, түрік, неміс тілін меңгерген талапты жас компьютерлік ойындарды құрастыруды көздейді. Сол арқылы қазақтың тарихы мен мәдениетін әлемге дәріптесем дейді. Сондай-ақ өзі құралпы жастардың шетелде білім алуына мүмкіндік беретін сайт ашуды алдына мақсат еткен. Себебі жастар әлемнің маңдайалды оқу орындарына түсуге мүмкіндік көп екенін біле бермейді, дейді Айсұлтан.

Айсұлтан Алтынбек, 11-сынып оқушысы:

Бұл сайт сіздің универге түсетін деңгейіңізді және қанша мүмкіндігіңіз бар екенін есептеп береді. Көп университет құжаттарыңызды тегін қарамайды. Алдын ала төлем сұрайды. Егер сұл сайт болашақта жарық көретін болса, сіз ақшаңызды құртпай, өз деңгейіңізді тексеруге мүмкіндік бар.

«Білім-инновация»  лицейінде Айсұлтаннан өзге бірнеше оқушы шетелдік оқу орындарынан шақырту алған. Сыныптасы Ерасыл Жүнісбек те 50 университеттің ең үздігін таңдамақ. Тағы 8 оқушы осындай жетістікке қол жеткізген.

Есжан Омарханов, Арыс қалалық «Білім-инновация» лицейі директорының орынбасары:

Әр оқушыға сынып жетекшісімен ақылдасып жоспар құрамыз. Соның нәтижесінде оқушының жасаған әрбір қадамын бақылап, болашағын  жоспарлап отырамыз. Сабақтан бөлек, сабақтан кейін бізде үйірмелер бар. Бұл үйірмелер оқушыларды дамытуға арналған. Шетелдік университеттер бұған қатты назар аударады.

Айсұлтанның жетістігі өңірдегі өзге оқушыларды қанаттандырды. Талапты жас жаһанның мықты университетінің бірінде оқуын тәмамдап, елге қалтқысыз қызмет етуді армандайды.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу