Қазақстан мен Вьетнам өзара тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізбек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Вьетнам өзара тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізбек

06.05.2025

Қазақстан мен Вьетнамның өзара тауар айналымы былтыр 860 млн доллар болса, енді тараптар оны таяу жылдары 2 млрд долларға жеткізбек. Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламмен кездесуде осындай меже қойылды. Тараптар сауда-экономикалық байланыстан бөлек, авиация, туризм, ауыл шаруашылығы және инвестиция тарту мәселесіне баса назар аудармақ.

Кеше мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы әуежайдан қарсы алса, бүгін Ақордада ерекше құрмет көрсетілді.

Мемлекеттік сапар. Бәрі протоколға сай. Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Рапорт беріліп, Қазақстан мен Вьетнамның Мемлекеттік Әнұрандары шырқалды.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дипломатиялық байланыс 1992 жылы орнады. Содан бері ынтымақтастық бір сәтке де үзілген емес. Екі жыл бұрын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапары екіжақты ықпалдастықты одан әрі бекемдей түсті. Бұл жолы да жоғары деңгейдегі келіссөздер жасалады деп жоспарланып отыр.

Вьетнам - Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктесі. Әрі өсіп-өркендеу жолындағы мүддеміз де – ортақ. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы мызғымас достықтың нығая беретініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен екі жыл бұрын Вьетнамға ресми сапармен бардым. Сонда екіжақты ықпалдастықтың жаңа бағыттарын дамытуға уағдаластық. Алдағы уақытта да қос халықтың достығы нығая бермек. Мен бұған кәміл сенемін. Біз ортақ мақсат-міндеттерге жету үшін күш жұмылдыруға әрдайым дайынбыз.

Бұл - Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті Бас хатшысы То Ламның Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Мәртебелі мейман қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін алғыс айтып, келіссөздер нәтижесі екі ел арасындағы қарым-қатынастың көкжиегін кеңейте түсетініне сенім білдірді.

То Лам, Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы:

Сіздің Вьетнамға жасаған сапарыңыздан кейін екі жыл өткенде біздің делегацияның еліңізге арнайы келуі мемлекеттеріміздің ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар өзара сенім деңгейінің жоғары екеніне айқын дәлел. Қазақстан Вьетнамның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесіне айналады.

Бұдан әрі кездесу кеңейтілген құрамда жалғасты. Вьетнам - 2040 жылға дейін әлемдегі ең ірі 25 экономиканың қатарына кіруді көздейді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Вьетнамның стратегиялық мақсатын қолдап, Қазақстан тарапы осы өршіл міндетті орындау ісіне жан-жақты атсалысуға дайын екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Біз аз уақыт ішінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да өзара тиімді байланыстарымызды кеңейтуге толық негіз бар.

Келіссөз барысында өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесіне айрықша мән берілді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 860 миллион долларға жеткен. Тараптар таяу жылдары бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге ниетті. Экспортталатын тауардың дені қорғасын, мырыш, ферроқорытпалар, электр қуатын өлшеу құрылғылары, микрофондар болса, импортталатын тауарлардың басым бөлігі – телефон, теледидар, шаңсорғыш, аяқ киім, баспа құрылғылары.

Қазақстанда Вьетнамның капиталы бар 13 компания жұмыс істейді. Қос тарап инвестициялық әлеуетті ілгерілетуге бейіл. Мәселен, «Qazaq Air» компаниясын енді вьетнамдық инвестор қаржыландырады. Авиация саласындағы мұндай ынтымақтастық - ұшақтар паркін ұлғайтуға және заманауи логистикалық хабтар салуға мүмкіндік бермек.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

Вьетнамдық Savico Group компаниясы біздегі «Qazaq Air» әуе компаниясын сатып алды, енді осында жұмысын дамытпақ. Жуырда компания өкілі елге келіп, мен онымен кездестім. Ол енді әуежай сатып алуды немесе сенімгерлік басқаруға алуды қарастырып жатыр. Өйткені әуе компаниясы үшін базалық әуежайдың болуы маңызды.

Бұдан бөлек тараптар туризмді түлету мәселесіне де тоқталды. Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнады, ал әуе қатынастарының саны 40-тан асты. Өткен жылы Вьетнамға барған қазақстандық туристер саны 150 мыңнан асқан. Дегенмен вьетнамдықтар Қазақстандағы туристік аймақтарды да зерделеп көруіне болады, деді Мемлекет басшысы.

То Лам, Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы:

Осындай қонақжайлық үшін ризашылығымды білдіре отырып, сіздерге Президент Лыонг Кыонгтың ыстық ықыласын жеткізгім келеді. Екі елдің терең қарым-қатынас ертеден орнаған. 1959 жылы біздің Президентіміз Хо Ши Мин Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Бұл сапар қос халық арасында дәстүрлі достық пен ұзақмерзімді серіктестіктің берік негізін қалады.

Қазақстан мен Вьетнам арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен мәлімдеме жасалды. Олар саяси ынтымақтастықты нығайтудан бастап, экономикалық, сауда, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы, ғылым, мәдениет сияқты бірқатар салаларды қамтыды. Президент Қазақстан мен Вьетнамның әскери байланысын нығайтуға үлес қосқан генерал-лейтенант Жансен Кереевтің елеулі еңбегін атап өтті. Тіпті Хо Ши Миннің шешімімен кезінде отандасымыз Вьетнамның ең жоғары әскери наградасы Қызыл ту орденімен марапатталған. Кездесу соңында Мемлекет басшысы екі ел арасындағы достықты бекемдей түсуге қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламға І дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу