Бүгін – Жақсылық Үшкемпіровтің туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Жақсылық Үшкемпіровтің туған күні

06.05.2025

Бүгін – даңқты спортшы, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің туған күні. Грек-рим күресінің шебері көзі тірі болғанда 74 жасқа толар еді. Ұлт рухын көтерген біртуар тұлға спортқа ғана емес, әлеуметтік саланың дамуына да орасан зор еңбек сіңірді.

1980 жыл. Мәскеу Олимпиадасындағы балуандардың марапаттау сәті. Бұл күні - Үшкемпіровтер әулеті ғана емес мұқым ел бөркін аспанға атып, қуанған күн.

Боз кілемде талайлардың жауырынын жер иіскеткен Жақсылық Үшкемпіров әлем чемпионы да атанды. Жетістіктері үшін «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальмен марапатталды. Спортты дамытуға тер төкті. Талай шәкірт тәрбиелеп, болашағына жол ашты.

Спорт саңылағының арманы өзі өмірден өткен соң, төрт жылдан соң орындалды. Елдос Сметов Париж Олимпиадасында топ жарып, дзюдодан қазақтан шыққан тұңғыш чемпион атанды. Қос балуанның марапаттау рәсіміндегі суреті әлеуметтік желіде кең таралап, ұқсастықтарын қызу талқыланған еді.

Елдос Сметов, Олимпиада чемпионы:

Шыны керек, мен өзім осы Олимпиада ойындарында, спорт жолында мотивацияны сол кісіден алдым. Көп тәрибе алдып, жүріс-тұрысы, сөйлеуі, ел-жұрттың алдындағы қарапайымдылығы деген сияқты нәрселерді бойымызға сіңіріп өстік. Ол кісінің жүріп өткен жолы әрқашан да біз үшін үлгі болып қала береді.

Еркін күрес шебері Ризабек Айтмұқан да Үшкемпіровтың жолын жалғап, тұңғыш әлем чемпионы болады.

Дара, дала тұлғаны жүріп өткен жолы көпке үлгі. Ер Жақсылықтың есімі – ел жадында. Ал оның ерлігі – ұрпақтың бойында.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу