Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы таяу жылдары 2 млрд долларға жетеді. Елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламмен келіссөздер кезінде осындай меже қойылды. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 860 миллион доллар болған. Тараптар алдымен шағын құрамда, одан соң кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесіне айрықша мән берілді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам туризм саласындағы бірлескен жұмыстың перспективасы туралы пікір алмасты. Мемлекет басшысы Вьетнам азаматтарының қызығушылығын тудыруы мүмкін Қазақстандағы туристік аймақтарды зерделеп көруді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Біз аз уақыт ішінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да өзара тиімді байланыстарымызды кеңейтуге толық негіз бар. Сіздің осы тарихи сапарыңыз және соның аясында қол қойылатын құжаттар қазақ-вьетнам қатынастарын одан әрі күшейтуге тың серпін береді.
То Лам, Вьетнам коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы:
Вьетнам мен Қазақстанның ортасында ондаған жылдар бойына тығыз қарым-қатынас орнаған. 1959 жылдың тамыз айында біздің Президентіміз Хо Ши Мин Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Бұл сапар қос халық арасында дәстүрлі достық пен ұзақмерзімді серіктестіктің берік негізін қалады. Қазақстан ертеректе еліміздегі ұлт-азаттық күреске көмек көрсетті, қазіргі кезде де бізді жан-жақты қолдап келеді. Сол үшін Вьетнам халқы мен партиясы сіздерге дән риза.
Оңғар Алпысбайұлы
