Ақтөбе облысында мыңдаған киік егін алқабын таптап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында мыңдаған киік егін алқабын таптап кеткен

05.05.2025

Ақтөбе облысында мыңдаған киік егістік алқабын таптап кеткен. Әйтеке би ауданының Құмқұдық ауылындағы шаруа қожалығы иесінің айтуынша, шығын он миллион теңге шамасында.

Бұл бейнекөріністерді шаруаның өзі түсірген. Оның есебінше алқапта жеті мыңдай аталық ақбөкен жүр. Төлдеу маусымы біткенде олардың саны еселеп артуы мүмкін. Ол кезде көктеп, басын көтеріп үлгерген егіннен түк қалмайды дейді. Ал орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері бұл жағдайдан хабардармыз деп отыр. Бүгін ауданға 14 техника мен 24 қызметкерін аттандырған. Олар ауыл шаруашылығы саласы мамандарымен бірге алқаптан киікті қууға көмектеседі.

Бекболат Жапаров, Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

Тапсырма берілді және ауыл шаруашылығы мамандары сол егістік тапталған аумаққа қазір кетіп бара жатыр. Олар егіс аумағының қаншалықты тапталғанын анықтайды, сол мамандар есептеп, қандай да бір шешім қабылдайды.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу