Елімізде тек ауыр әрі зиянды салаларда 680 мыңнан аса адам жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде тек ауыр әрі зиянды салаларда 680 мыңнан аса адам жұмыс істейді

04.05.2025

«Майқайыңалтын» кен байыту комбинатында былтыр қаңтар айында төрт құтқарушы мінген автобус кен игеріліп жатқан тұста жер опырылып кетіп, шыңырауға құлап, төртеуінің де опат болғанын білеміз.

Бір адамның денесі жарты жылдан соң бір-ақ табылған еді... 6 адамға айып тағылып, соты осы аптада басталды. Олар – «Майқайыңалтын» кен байыту комбинатының экс-директоры мен өндірістік учаскелерді басқару және инженерлік құрамдағы бес маман. Елімізде тек ауыр әрі зиянды салаларда 680 мыңнан аса адам жұмыс істейді.

Енді соңғы жылдардың ғана статистикасына тоқталайық. 2023 жылы Костенко атындағы шахтада бірден 46 кенші мерт болды. Сол жылы жалпы өндіріс орын¬дарында, шахталарда, құрылыстарда, кәсіпорындарда 246 азамат қаза тапты. Ал былтыр 202 жұмысшы жұмыс орнында жан тапсырды. 2019 жылдан 2025 жылғы қаңтар аралығында өн¬дірістегі апат, түрлі оқиғадан 1230 адам мерт болды. 12,8 мыңнан астам адам мертігіп, мүгедек болып қалды.

Ауыр да, зиянды жұмыстан ауырып қайтыс болатындар туралы үндемедік, ондай санақ жүргізілмейді. Еңбекшілерді сақтандыруға, тәуекелдерді болғызбау шараларын қолдануға міндеттейтін заң қашан Парламентке түседі, Еңбек министрлігі?

Адам өлімінен кейін қозғалған қылмыстық істердің қаншасы сотқа жетеді? Жалпы өндірістік бақылау бола ма, жоқ па? Мысалы, шахталарды газсыздандыру нормативтері 2008 жылы қабылдануы керек еді, ақпан айында өткен Үкімет жиынында сол нормативті енгізу керек деп жатыр.

Сараң әрі қатыгез жұмыс беруші қазіргі дамыған елдерде де кезінде болды. Ал қазір олардағы өндірісте өлім жоқтың қасы, мәселен, Нидерландыда 100 мың адамға шаққанда 0,3. Адам тұрғанда сараңдық пен зұлымдық жоғалмайды. Бас көтертпейтін заң мен заңның орындалуын қадағалайтын билік болуы керек.

 Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы». Өкімет жұмысшыларды қалай қадірлейтінін дәлелдейтін уақыт. Ол және медальмен өлшенбейді. Данияр Қайыртайдың сараптамасы.


Хабарламаларға жазылу