Астанадағы автобус апаты: Екі адам ауруханада жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы автобус апаты: Екі адам ауруханада жатыр

02.05.2025

Астанада автобус соғып кеткен оқушы қыздың жағдайы бір қалыпты, ауруханада жатыр. Жол көлік оқиғасы кезінде қоғамдық көлік салонында болған жолаушылардың бірі де жарақат алған. Қазір ол да дәрігерлердің бақылауында. Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы жалғастырады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Оқиға Тұран көшесінің бойында «Барыс Арена» спорт кешенінің алдындағы жолаушылар өткелінде болған. Байқасаңыздар негізгі көшенің бойында тұрған жолаушылар өткелі бағдаршаммен реттеледі. Ал нағыз автобустар жүретін қосымша жолда ешқандай бағдаршам жоқ. Тек арнайы белгі және жолдың үстіне жолақтар сызылған.

Спортшы қыз жаттығудан шығып келе жатқан. Жедел жәрдем қызметі оқушыны қалалық балалар ауруханасына жеткізді. Оған жабық бас-ми жарақаты деген диагноз қойылды. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы осы оқиғадан кейін тағы бір жолаушының ауруханаға жатқызылғанын айтып отыр.

Автобустың жүргізушісі кенет тежеген кезде салонда отырған жолаушылардың бірі құлап, жарақат алған. Оған жабық бас-ми жарақаты және ми шайқалуы диагнозы қойылды. Қазіргі таңда зардап шеккен азаматша қалалық шұғыл медициналық жәрдем орталығына жатқызылды.

Жол-көлік оқиғасының себебі әзірге белгісіз. Дегенмен, полиция автобус техникалық сараптамадан өтеді, жүргізушінің іс-әрекеті де толық зерттеледі деді.

Эльмира Шәуленова, қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің бастығы:

Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы бойынша тексеріс жүргізілуде. Астана қаласы Полиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларға жол жүрісі қағидаларын сақтау және жолда аса мұқият болу қажеттігін ескертеді.

Біз жол-көлік оқиғасына себепкер болған автобус тиесілі паркке де хабарластық. №7 автобус паркі бізге ақпарат беруден бас тартты. Ал жүргізушіге әкімшілік іс қозғалған.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу