Атырау облысы Құрманғазы ауданында сал ауруына шалдыққан 100-ге тарта бала бар. Олардың дені 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Соңғы екі жылдан бері олар иппотерапия емінің арқасында оңалып келеді. Мұндай оңалту орталықтарының пайдасы орасан болғандықтан әсіресе алыс аудандарда тағы бірнешеуін ашу көзделіп отыр. Жалпы облыста сал ауруына шалдыққан 4,5 мың адам тіркелген. Оларға 4 орталық қызмет көрсетеді. Алайда былтыр бар болғаны 500-дей науқас қамтылыпты. Сондықтан иппотерапия орталықтарын көзделіп отыр. Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт толықтырады.
Мұнда ерекше балалар аптасына 3 мәрте келіп, иппотерапия емін қабылдайды. Солардың бірі Бекболсын Байниязов. Анасы баласының бойынан аз уақыттың ішінде айтарлықтай серпіліс байқалғанын айтады.
Рая Молдахметова, ауыл тұрғыны:
Туғаннан осылай ұстап келе жатырмын. Осында келгелі өзіне ұнайды, баланың келгісі келіп, елпілдеп тұрады.
Курс жарты сағатқа созылады. Білікті, сертификаты бар мамандардың нұсқауымен балалар ат үстінде түрлі қимыл-қозғалыс жасайды. Орлы ауылындағы орталық былтыр 97 науқасты атпен серуендету үшін мемлекеттен тапсырыс алған. Дертіне шипа іздеген жандардың тарапынан табиғи емге сұраныс артып келеді.
Абай Абдуллаев, атбегі:
Ауыратын балаларға жуас ат керек. Аттың күйі жақсы болуы керек. Сүрінбеу керек, мінгенде кісі жатырқамау керек, сол тәсілдерді үйретеміз. Бала көптеу, аттарымыз аздау болып тұр.
Соған қарамастан орталық мемлекеттің қолдауымен жұмысын жалғастырып келеді. Ауыл тұрғындарының өтінішін ескерген мамандар көрсетілетін ем- домның аясын кеңейте түспек.
Азамат Абайұлы, Иппотерапиялық орталық жетекшісі:
Бізде иппотерапияға қосымша ЛПК АПК мамандықтарын енгізу логопед, дефектологтарды енгізгіміз келіп тұр. Себебі, ауылдық жерлерде тұратын ата-аналар Атырау қаласына бара алмайды. Мемлекеттің қолдауымен осы балаларға арналған тегін бағдарлама жасағымыз келеді.
Жалпы Атырау облысында 4,5 мың науқас иппотерапия еміне өте зәру. Әзірге, кембағал жандардың тек 10 пайызының ғана табиғи емге қолы жетіп отыр. Сондықтан жергілікті билік қызмет аясын кеңейтіп, жыл соңына дейін ауданда тағы екі орталық ашпақ.
Нұрсұлтан Нұрсейіт
