«Бірлік» марафоны. Ел аумағында бір мезетте 20 мыңнан астам адамның қатысуымен желаяқтар жарысы өтті. Марафон 21, 10 және 5 шақырымдық қашықтықты қамтыды. Сондай-ақ, балалар мен ерекше қатысушылар да бақ сынады.
Бұл Астанадағы Экспо алаңы. Мұнда мыңға жуық адам жиналған. Түрлі қашықтықта бақ сынайтынтар арасында бала да, зейнеттегі қария да бар.
Ал бұл - Тараз. Жарысқа 700-ге жуық тұрғын қатысты. Арасында тірек-қимыл мүшесі зақымданған 23 атлет, есту қабілеті төмен 16 адам бар. Паралимпиада чемпионы Зүлфия Габидуллина мен күйші Аман Малдыбаев жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Аман Малдыбаев, күйші, композитор:
Біз енді ештеңеге қарамай, көз көрмесе де жүгіруден қалмаймыз, күнделікті жаттығамыз. Соның арқасында осындай қызықты жарыстарға келіп отырмыз. Еліміздің бірлігі арта берсін.
Қарағандыда да желаяқтар көп жиналды. 500-ге жуық адам 2 шақырымдық қашықтықты еңсерді. Ал ерекше балалар үшін арнайы 300 метрлік жарыс жолы белгіленді. Шара Қарағандыда екінші мәрте өткізіліп отыр.
Серік Сәпиев, Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
Біз біргеміз. Бір елде тұрамыз. Отанымыздың дамуына әрқайсымыз атсалысуымыз керек. Бейбітшілік сақталып, еліміз гүлдене берсін. Спорт мен үшін қашан да маңызды. Осындай шаралардан қалмауға тырысамын.
Ұйымдастырушылар «мұндай бастамалар ел ішіндегі татулық пен ынтымақты арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға айрықша ықпал етеді»,- дейді.
Марат Әзілханов, Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
Үш жыл болды, әр жыл сайын осы 1 мамыр Бірлік күніне орайластырып өткіземіз. Әр өңірде еліміз бойынша бір мезетте жүгіргеніміз бұл бірлігімізді, ынтымағымызды көрсетеді.
Мәреге жеткен жүйріктер жүлдесіз қалған жоқ. Шара келесі жылы да жалғасын табады.
Серік Жұмабек
