АҚШ президенті Дональд Трамптың қызметіне кіріскеніне тура 100 күн өтті. Осыған орай Ақ үй басшысы Мичиган штатында жақтастарының алдында сөз сөйлеп, іске енді ғана кіріскенін жеткізді. Алғашқы 100 күнінде Трамп импортқа тариф енгізу, шетелге көмекті қысқарту, мигранттарды жаппай депортациялау тәрізді бірқатар шара қабылдады. Президенттің жақтастары бұл бастамаларды құптағанымен, сыншылар елдің болашағына алаңдаулы. Gallup дерегіне сай, Трампты қолдау рейтингі - 44 процент. Демек, халықтың жартысынан көбі оның саясатын қолдамайды. Трамптың өзі сауалнамаларға сенбейтінін мәлімдеді. 1,5 сағатқа жалғасқан сөзінде АҚШ-тың 47-президенті сыртқы саясат тақырыбын қозғаған жоқ. Тек Қытаймен сауда келісімін жасайын деп жатқанын атап өтті.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Қытайға баж салығын енгізу арқылы жұмыс орындарын ұрлауға тосқауыл қойдық. Қытай бізден көптеген жұмыс орнын тартып алды. Бірақ бұл біз Қытаймен тіл табыса алмаймыз дегенді білдірмейді. Қазір бұл елге қарсы тариф - 145 пайыз. Келісім жасаймыз. Және бұл әділ мәміле болады. Байденмен жасалғандай триллион доллар жоғалтатын келісім болмайды.
Арай Төлегенқызы
