Академик Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы еліміздің медицина тарихында тұңғыш рет бір мезетте үш науқасқа үш донордың бүйрегін тоғыспалы трансплантация тәсілімен салды. Аса күрделі операция сәтті өтті. Осы ретте Президент белгілі хирург, профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен жасалған бұл операцияны отандық медицинаның зор жетістігі ретінде бағалап, ұжымына Алғыс хат жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Қазір еліміз өте күрделі трансплантациялық операция жасайтын әлемдегі 6 мемлекеттің қатарына кіреді. Бұл жетістікке отандық мамандардың, соның ішінде өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңіз бен ерекше білімдеріңіздің, сондай-ақ теңдессіз тәжірибелеріңіздің арқасында жетіп отырмыз. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Болашақта да ұлт саулығын жақсарту үшін тынымсыз тер төгіп, халқымызға қалтқысыз қызмет ете бересіздер деп сенемін».
Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының дәрігерлері жасаған қиын әрі ерекше операция 12 сағатқа созылған. Жалпы орталық мамандары жылына 8 мыңға жуық ота жасайды. Оның ішінде 70 -ке жуығы – бүйрек трансплантациясы. Мұндай жоғары технологиялы операция әлемнің тек бес мемлекеті – АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Үндістан, Түркияда жасалады. Ал тоғыспалы трансплантация әдісі – донор тапшылығын шешудің бірден бір жолы, дейді дәрігерлер.
Ислам Мададов, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бүйрек трансплантациясы, урология және нефрология бөлімшесінің меңгерушісі:
Біз жасайтын технологиямен донор операциясын 1 сағатта бітіреміз. Және донорлар 3-5 күннен кейін үйіне жіберіледі. Реципиенттердің отасы 4-5 сағатқа созылады. Олардың реабилитациясы 2-3 апта болады. Ең маңыздысы, дәрі-дәрмектерді уақтылы ішу және анализдерін уақытында тапсырып, дәрігерге қаралып жүру керек. Елімізде мұндай ауыспалы, үйлесімсіз, әсіресе, ағза трансплантациясы жақсы дамығанын қалаймын.
Ақниет Балтанова
