Атырау облысында 9 ауылға құмнан қауіп бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында 9 ауылға құмнан қауіп бар

29.04.2025

Атырау облысында 9 ауылға құмнан қауіп бар. Өңірдегі Нарын, Тайсойған, Бүйрек шағылдары көшіп, елдімекендерге таяп қалған. Мәселені шешу үшін жауаптылар осыдан 6 жыл бұрын сексеуіл егуді бастаған. Бірақ соңғы жылдары жұмыс тоқтаған. Бұған не себеп? Құм құрсауында қалған ауылдардың ендігі жағдайы не болмақ? Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тарқатады.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Мәселені теңіздің тартылуы мен құрғақшылық одан әрі қиындатып тұр. Толассыз көшкен құмның салдарынан 300-дей үйі бар Исатай ауылында жағдай күрделі. Шағын ғана елдімекен шағылдың ортасында қалып барады. Тұрғындар тіпті терезе ашудан да қалдық деп отыр.

Исатайлықтар үшін құм көшкіні өзекті проблемаға айналғалы 10 жылдан асты. Тұрғындар аулаларын өз күштерімен тазартқанмен уақыт өте келе қайта көміліп қалады. Техника да тапшы.

Зульфат Рамазанова, Исатай ауылының тұрғыны:

Қазір тұрып жатқан әке-шешемнің үйі ғой. Олар өздері трактор жалдап күретеді, оның қиындығы бар. Қораның бәрін басып жатыр.

Құм көшкінін тоқтату мақсатында 2019 жылы арнайы бағдарлама дайындалып, ауылдарды қоршап сексеуіл егіле бастады. Олардың алды 2 метрге дейін көтеріліп қалған. Бірақ соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға тұрғындардың көңілі толмайды. Мәселен, Исатай ауылына егілген 9 гектар алқаптың күйі осы.

Исабай Гинуллин, Исатай ауылының тұрғыны:

Мен мекемелерге ренжимін. Қоршап, сексеуілді отырғызып кетеді. Ал құрғақ топырақ үргеннен кейін сексеуіл өзінен-өзі жер бетіне шығып қалады. Тамырланып үлгермейді. Ең болмағанда отырғызсын. Ағашты күтіп, баптап, тамырланып кетсе, ол әрі қарай алып кетер еді.

Ал бұған жауаптылардың өзіндік жауабы бар. Тапсырыс беруші облыстық табиғи ресурстар басқармасы. Жоба құны 600 млн теңге. Қазір оның 340 млн теңгесі игерілген. Өткен 6 жылда облыс бойынша 76 гектардан аса алқапқа сексеуіл егілген еді.

Нұрлан Жантоқов, облыстық Табиғи ресурстар басқармасының басшысы:

Егілген 100 пайыздың 40 пайызы айналасында шығады деп жобамен бекітілген. Негізі 2024 жылы біз ол жерге еге алмадық. Себебі су тасқыны кезінде тұқым бақтарымыздың көбі суға кетті. Соған байланысты еге алмай қалдық. Биылғы жылы Исатай ауданында қайтадан егу жұмыстары басталады.

Егілген сексеуілдер 2 жылдан кейін ауылдық округтің теңгеріміне беріледі. Қазір жауаптылар жаңадан келетін мердігерге талапты күшейткелі отыр. Дұрыс шықпаған, жетпеген жерлеріне қосымша тұқым салуға міндеттейді. Бұдан бөлек келешекте Құрманғазы, Қызылқоға және Жылыой аудандарында тағы 200 гектарға сексеуіл егілмек.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу