Маңғыстау облысында мектеп асханасының меңгерушісі сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында мектеп асханасының меңгерушісі сотталды

29.04.2025

Маңғыстауда 460 оқушы жаппай астан уланған мектеп асханасының меңгерушісі 1 жылға бас бостандығынан айрылды. Жеке кәсіпкер Дәметкен Шәкенова сот залында қамауға алынған. 

Сотта сотталушының қоғамдық тамақтану саласында қызмет көрсететін жеке кәсіпкер бола тұра, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды өрескел бұзғандығы анықталды. Оның кінәсі сараптамалардың қорытындыларымен, оқиға орнын тексерумен, жәбірленушілердің айғақтарымен расталған. Ал бұл мектеп асханасында 460 оқушының астан улануына әкелді. Бірақ 182 жәбірленуші арызданған.

Серік Наурызбаев, Мұнайлы аудандық сотының төрағасы:

Шәкенова Дәметкенді ҚР ҚК 304 бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыс құқық бұзушылық әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша 3 жыл мерзімге қоғамдық тамақтану саласындағы қызмет көрсету бойынша кәсіпкерлік құқығынан айыра отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Оқиға былтыр 6 қыркүйекте Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте болған еді. Асханада тамақтанған оқушылар бірінен соң бірі ауырып, дәрігердің көмегіне жүгінген. Жалпы саны 460 бала «Астан улану» диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Абырой болғанда, бәрі емделіп шықты. Құзырлы органдар тексеру нәтижесінде мектеп асханасынан ішек бактерияларын анықтады. 12 қызметкерден стафилококк бактериясы табылды. Ыдыс жуушы әйел дизентерияны тасымалдаушы болып шықты. Ал жеке кәсіпкер 10 жылдан бері аталған мектепті ыстық тағаммен қамтамасыз етіп келген.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу