Павлодар облысының Мыңкөл ауылында медициналық мекеменің құрылысы тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысының Мыңкөл ауылында медициналық мекеменің құрылысы тоқтап тұр

29.04.2025

Ұлттық жоба аясында былтыр Павлодар облысында 30 медициналық мекеме пайдалануға берілуі тиіс еді. Алтауының құрылысы мерзімінде бітпей, биылға қалды. Соның бірі - Железинка ауданындағы ең шалғай елдімекен Мыңкөлде. 

Мыңкөлдегі мына нысанның құрылысына бюджеттің 70 млн теңгесі жұмсалған. Биыл тағы 66 млн теңге бөлінді. Аумағы 150 шаршы метрлік медициналық пункт былтыр пайдалануға берілуі тиіс еді.

Болат Аманбаев, тілші:

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көктемде бұл ғимараттың іші суға толып кеткен. Соның бір айғағы мына құрылыс материалдарының жарамсыз болып, қатып қалуы.

400-ге жуық халқы бар Мыңкөл ауылы әкімінің айтуынша, өткен күзде авторлық және техникалық бақылаушылар келіп құрылысты тоқтатқан.

Асхан Орынтаев, ауыл әкімі:

Авторлық надзор мен технадзор келіп тоқтатты. Күзетші жоқ, қойған жоқ олар күзетті. Өздерінің құрылыс материалдарын далаға тастап кетті. Алдында біз айттық мынаны кіргізіңдер немесе бізге күзетуге беріндер деп. Олар келген жоқ.

Мердігердің байланыс нөміріне қоңырау шалғанымызбен, тілдесу мүмкін болмады. Медициналық пункті салуға тапсырыс берген облыстық Құрылыс басқармасы кәсіпкерді сотқа берген.

Абылай Мүшкенов, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

Мердігердің кінәсі жұмысты дер кезінде аяқтап, нысанды тапсыра алмады. Біз сотқа арыз талап түсірдік. Бірақ медиациялық келісімге келдік.

Аяқсыз қалған құрылыс нысанынан қауіп те жоқ емес, дейді тұрғындар. Қазылған шұңқыр сол күйі бітелмеген. Айналасы қоршалмаған кәріз суағарын мектеп мұғалімдері қыс бойы күзетіп шыққанын айтады.

Өркен Қасқырбаев, мектеп мұғалімі:

Салынған септик бөгет. Мына балаларға қауіпті болып тұр. Ойын ойнағанда мынаған түсіп кетуі мүмкін.

Материал эфирге дайындалып жатқан кезде құрылыс басқармасының өкілі Мыңкөлдегі медициналық пунктте жұмыс қайта басталды деп хабарласты. Оған сай нысан шілденің 1-і күні пайдалануға берілуі тиіс. Облыстық Құрылыс басқармасының мәліметіне сүйенсек, жалпы өңір бойынша мұндай бітпей қалған нысандар саны алтау. Екеуі Ақсу қаласында, Ертіс, Тереңкөл, Екібастұзда бір-бір нысаннан бар және осы Железинканың Мыңкөл ауылындағы медициналық пункт.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу