Отандық ғалымдар тың зерттеулер жүргізіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық ғалымдар тың зерттеулер жүргізіп жатыр

02.05.2025

Қазақстанның ғылым саласы өзгерістер кезеңінде тұр. Ғалымдар ел аумағында бұрын соңды зерттелмеген салаларға бет бұрып келеді. Нәтижесінде ізденістер іс жүзінде қолданысқа енгізіліп жатыр.

Технология қарыштап дамып жатқан тұста экология мәселесі күн өткен сайын ушығып келеді. Бұл проблеманы шешуге жаһан ғалымдары бас қатырып жатыр. Қазақстандық ғалым Бақтияр Солтабаев осы салада үлкен ізденісте жүр. Ол қоршаған ортадағы улы газдарды анықтау арқылы адам өмірін сақтап қалуға көмектесетін сенсорларды зерттеп, қолданысқа енгізген. Осы бағытта 50-ге жуық ғылыми мақала жазып, оның 23-і халықаралық дерекқорға енген.

Бақтияр Солтабаев, Назарбаев Университетінің ғылыми қызметкері:

Тау-кен орындарында жұмыскерлердің шахтада жұмыс жасаған кезде ол жерде улы газдар шығады. Сол улы газдарды анықтайтын датчиктер болады. Сол детектірлерде жұмыс жасайтын озық сенсорлар болады. Соны біз жасаймыз. Жалпы біздің жасап жатқан бағыт әртүрлді салада қолданысқа ие.

Былтыр осы еңбегі үшін «Жылдың үздік ғылыми қызметкері» марапатын иеленген. Қазір ғалым бірнеше мемлекеттік ғылыми жобаға жетекшілік етеді. Болашақта зертханада әзірленген газ сенсорларын практикалық сынақтан өткізбек. Ғылымға қызығушылық танытқан жастарға жүйелі қолдау, тәлімгерлік және тұрақты академиялық орта қажет дейді өзі. Ал Сұраған Дүрбітхан математика саласында Харди теңсіздігін талдап, жаңа теория ойлап тапқан. Бүгінде бұл ілімді әлем математиктері қолданады. Академик бұл тақырыпта ағылшын тілінде алғаш рет үздік монография жазған. Қазіргі ізденісі – криптография әлемі.

Сұраған Дүрбітхан, Назарбаев Университетінің профессоры, академик:

Біздің отандық криптография салаларында нақты бізді негізделген теориямыз болу керек. Бірінші сұрақ әлемдік деңгейде нәтижелер алуымыз керек. Теориялық болсын, практикалық болсын өте қарқынды бәсеке.

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан зерттеушілерге қолдау көрсетілуде. Ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі артты, жас ғалымдарды ынталандыру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Алдағы үш жылда республикалық бюджеттен ғылымды дамытуға 531 млн-нан теңгеден астам қаражат бөлу көзделген.

Ақмаржан Ғафизқызы


Хабарламаларға жазылу