Қазақстан мен Жапония ғалымдары келер жылы күріш алқабында жаңа гербицидті қолданысқа енгізбек. Қызылорда қаласындағы Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш ғылыми зерттеу институты қоспаны биыл үшінші жыл тәжірибеден өткізіп жатыр.
Гербицид – егіс алқабында дақылдың өсуін тежейтін арам шөптерді жойып, өнімнің шығымдылығына оң әсер береді. Жаңа агро-препаратты Жапонияның «Sumitomo» компаниясы әзірлеп шығарған. Бүгінде отандық мамандар қоспаны сынақтан өткізіп, жоғары бағалап отыр. Зертханалық тексерулер де дақыл мен адамға зияны жоқ екенін көрсеткен. Жалпы, күріш егістігіне ғана емес, қант қызылшасы мен жаздық арпаны өсіруге де қолдануға болады. Институт ғалымдары келер жылдан бастап жапондық гербицидті шаруашылықтарға ұсынбақ.
Камалдин Шермағамбетов, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері:
Мысалы, себудің алдында арам шөптің санын санап аламыз. 1м2 10 арам шөп тұрса, соның 99 пайыз өлтіреді. Толық өлтіреді. Басқасынан әсері білініп тұрады. Ал енді негізгі дақылға - күрішке әсері көп емес. Айналасындағы адамдарға да әсері көп емес.
Әділбек Серікұлы
