Астанаға Қорғаныс министрлігінің әскери бортымен қазақстандық II дүниежүзілік соғыс жауынгерлерінің сүйегі жеткізілді. Оразғали Белубаев пен Петр Оконечниковтың мүрдесін Мәскеуден Астанаға алдыртып, туыстарына табыстау рәсімі өтті.
Айта өтейік, елімізде соғыс жылдарында хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің мәліметінше, соғыс кезінде 271 мыңнан астам қазақстандық із-түссіз жоғалған. Аталған бірлестік бүгінгі екі жауынгерге дейін 19 қазақстандықтың сүйегін Отанына жеткізіп, әскери құрметпен жерлеуді ұйымдастырған. Оразғали Белубаевтың сүйегі Абай облысы Зубайыр ауылында, Петр Оконечниковтің мүрдесі Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласында қайта жерленеді.
Шайх-Хасан Жазықбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор:
Бүгін біз қаһармандарымыздың сүйегін ғана тапсырып отырған жоқпыз. Біз ерліктің, батылдықтың, елдің еркіндігі үшін күрескен ұлы ұрпақтың қайта оралуына куә болып отырмыз. Жеңіс үшін күрескен барлық жауынгерге мәңгілік даңқ, мәңгілік құрмет!
Рахила Шайғұлақова, О.Белубаевтың қарындасы:
Бүгінде 80 жылды артқа тастап, мінекей, ағамыз келіп отыр. Осы ағамызды іздеп тапқан азаматтарға алғысымыз шексіз! Әрқашанда бейбітшілік заман болсын!
Ақниет Балтанова
