Ақтөбе облысындағы «Қасқыр» сарқырамасы соңғы жылдары туристер арасында ерекше танымалдыққа ие бола бастады. Ол жерге демалыс күндері 500-ден 1000 адамға дейін барады. Алайда табиғаттың кереметін көру үшін жол азабын тартуға тура келеді. Жалпы, инфрақұрылымның болмауы өңірде туризм саласының дамуына үлкен кедергі болып тұр.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл сарқырама Ақтөбе қаласынан 110 шақырым қашықтықта орналасқан. Суы маусым айына дейін ағып, одан кейін құрғап қалады. Дегенмен мұнда келушілердің легі жаз мезгілінде де толастамайды.
Сарқыраманы көруге көрші облыстар мен Ресейден де арнайы келетіндер бар екен. Мұнда жұмыс күндері де адам көп. Ал жұма-жексенбі күндері бос орын болмайтын көрінеді. Келушілерді сарқырамадан бөлек таза ауа мен әдемі табиғат қызықтырады.
Айсұлтан Тапалов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Демалыс орындары көп қой. Ол ашық айтылмайды, ешкім білмейді. Жарияланбайды. Қара жол істелсе, халыққа жағдай болар еді.
Бірер жыл бұрын сарқырама аумағы жеке кәсіпкерге берілді. Бақылау көпірі салынып, демалушыларға арналған киіз үйлер тігілді. Сондай-ақ балық аулауға, суда қайықпен серуендеуге болады. Дегенмен, келушілер бұл аумақты туристік орталыққа айналдыру үшін оның өзі жеткіліксіз дейді.
Нұрбек Отаров, саяхатшы:
Қарғалы ауданының табиғаты өте күшті. Керемет сарқырама орналасқан. Бірақ қала тұрғындарының көбі біле бермейді. Өйткені, инфрақұрылым жағы дұрыс емес.
Бұл аумақтың туристік әлеуеті жоғары. Әкімдік өкілдері «Қарғалы ауданының 7 кереметі» атты туристік маршрут дайындалып жатқанын жеткізді. Жуық арада «Қасқыр» сарқырамасына дейін жол салынуы тиіс. Сондай-ақ жартастарға толы өзен аңғары мен «Қарғалы» су қоймасы да назарға алынады.
Мейіржан Байболатов, Кәсіпкерлік басқармасы, сауда және туризм бөлімінің бас маманы:
Қазіргі таңда Қарғалы су қоймасының инфрақұрылымына келсек, жобалық-сметалық құжаттар дайындалу үстінде. Ағымдағы жылы жол салу көзделуде.
Соңғы бір жылда өңірге 248 мың турист келген. Оның 21 мыңы шет елдерден. Жауаптылар қазіргі уақытта инфрақұрылымнан бөлек, имидждік шараларға да көңіл бөліне бастағанын айтады.
Жақсыбек Кемал
