Елімізде жыл басынан бері жұмыс уақытында 293 адам жарақат алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жыл басынан бері жұмыс уақытында 293 адам жарақат алды

28.04.2025

Елімізде жыл басынан бері 40 адам жұмыс уақытында жазатайым көз жұмған. Тағы 293-і жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Оқыс оқиғалардың басым бөлігі өндірісте және құрылыс кезінде болады. Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай жауапты министрлік статистиканы жариялады. Алғашқы төрт айда Қарағандыда 31, Қостанайда 27, Шығыс Қазақстанда 24, Ақтөбеде 22 және Алматыда 19 адам зардап шеккен. Дегенмен мамандар жазатайым жағдайлар жыл сайын азайып келеді дейді. Мәселен, биыл тіркелген оқыс оқиғалардың саны былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 17 пайызға төмендеген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің айтуынша, бұған апаттық-құтқару қызметіне қойылатын талаптың күшейгені сеп болды.

Өндірістегі қауіпсіздік талаптары күшейтілді

Әлімжан Бекмағамбетов, ҚР ЕХӘҚМ Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми зерттеу институты бас директорының орынбасары:

Бұған атсалытасын көптеген ұйымдар бар. Мониторинг өткізіледі. Әрбір мониторингте мысалы, дрондар, бейнебақылау болады.

Жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кәсіпорындардың цифрлық картасы да жасақталды. Ол өндірістегі техниканың жағдайын тексеруге көмек береді. Яғни құрылғылардан ақау шыққанын не шамадан тыс қызып кеткенін бақылауда ұстап отырады. Жалпы, қауіпсіздіктің сақталуын былтыр құрылған Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті қадағалайды.

Жанел Өтеулі


Хабарламаларға жазылу