Демеушілер үшін салық жеңілдіктері енгізілуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Демеушілер үшін салық жеңілдіктері енгізілуі мүмкін

28.04.2025

Эндаумент қорларға қаржы аударатын демеушілер салықтан босатылуы мүмкін. Қазір тиісті заң Мәжілісте талқыланып жатыр. Құжат күшіне енсе, эндаумент қорларлардың жұмысына аудит те жүргізіледі. Жаңа заң жобасында тағы қандай ұсыныстар бар? Эндаументтің қайырымдылық қорлардан айырмашылығы неде?

Астаналық студент Ақбота Серік университет жанындағы эндаумент қорынан грант ұтып алған. Заң факультетінде оқитын дарынды қыз осылайша оқу ақысы жылына бір миллионнан асатын білім ордасында тегін оқып жатыр.

Ақбота Серік, студент:

Әлеуметтік желіде жарияланған байқауларды қарап отырып, эссе байқауына қатыстым. Нәтижесінде байқаудан жеңіп, эндаумент қорының грант иегері атандым. Болашақта мықты маман, білікті заңгер болғым келеді.

Талапты жастарды қолдайтын эндаумент қорлар оқу орындарында ғана емес, спорт орталықтарында, мәдени кешендерде де ашылады. Бұдан бөлек, медицина бағытында жұмыс істейтіндері бар. Олар ауыр дертке шалдыққан науқастардың емін төлеуге көмек береді.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Эндаумент жүйесінің қайырымдылық қорлардан айырмашылығы неде? Біріншіден, ондағы қаржы мұқтаж жанға бірден берілмей, түгел инвестицияға салынады. Мәселен, демеушілер берген қаражаттың жалпы сомасы 500 миллион теңге дейік. Бұл жұмсауға болмайтын негізгі капитал саналады. Өйткені, сол 500 миллион теңге облигациялар мен акцияларға салынып, жыл сайын 50 миллион табыс әкеліп отырады. Нәтижесінде қордың активі уақыт өткен сайын ұлғайып, көмек бір емес, мыңдаған адамға көрсетіледі.

Әсел Әбілдаева, Maqsut Narikbayev University Endowment қорының жетекшісі:

Біздегі эндаумент қорының басты меценаттары – ол өзіміздің университетті аяқтаған түлектеріміз. Сонда олардың білім алған жеріне оралып, соңынан ерген ізбасарларын, студеттенттерді қолдауы деген өте үлкен құндылық, сабақтастық деп білеміз.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Қазір Қазақстанда 22 эндаумент қоры жұмыс істейді. Соның 15-і білім саласында. Әрқайсының капиталы орташа есеппен 1 миллиард теңгеден аспайды. Бұл тым аз. Мәселен, АҚШ-та бір университеттің эндаумент қорындағы активі 20-30 миллион долларға, теңгеге шаққанда шамамен 10-15 миллиардқа жетеді.

Еліміздегі эндаумент қорлады көбейтеміз десек, демеушілерге салық жеңілдіктері берілуі керек, дейді депутаттар. Қазір тиісті норма Мәжіліс қарауында. Заң күшіне енсе, қайырымдылыққа жұмсалған қаржы табыс салығынан шегеріледі. Мәселен, демеуші компанияның ай сайынғы табысы 100 миллион делік. Ол әлеуметтік жобаларға, яғни эндаумент қорға 10 миллион теңге жіберсе, сол айда тек 90 миллион табысы үшін салық төлейді.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Салық преференциялары бойынша бізде депутаттар ұсыныс енгізді. Енді оған байланысты үкімет тарапынан әлде де бізге қолдау тапқан қорытынды әлі келмеді. Отызыншы сәуірге дейін бізде нақты айқын болады преференция беріле ме, берілмей ме. Иә, басында көп болмауы мүмкін. Бірақ бір қайырымдылық үшін жаңа бір формат болмақ.

Сонымен эндаумент жүйесі қайырымдылыққа жиналған қаржыны еселейді. Оның үстіне сарапшылардың айтуынша, мұндай қорлардың кеңінен таралуы бюджет қаржысын үнемдеуге де сеп болады.

Жанел Нұрболат  


Хабарламаларға жазылу