Ақтауда Ұлттық ғылым академиясының көшпелі отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда Ұлттық ғылым академиясының көшпелі отырысы өтті

25.04.2025

Ақтауда Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының көшпелі отырысы өтті. Ғалымдар бас қосқан жиында, көлік логистикасын қалыптастыруда отандық ғылымның маңыздылығы және аймақтық ғылымды дамыту мәселелері талқыланды.

Экономика тұрақты даму үшін өңірлік ғылымға серпіліс керек. Облысқа қандай зерттеулер қажет, алдымен соны анықтау керек. Көшпелі отырыстың мақсаты да осы.

 Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:

Әлі осы жарыққа шықпай жатқан мәселелер де бар, оны да кеше Мемлекет басшысы қолдады мысалы айтатын болсақ, Маңғыстауда қайтадан геология жұмыстарын өткізу қажет Себебі біздер қазіргі заманда әлем дамып бара жатқан кезде мұнай мен газға ауызымызды ашып отыратын кезеңнен кетіп бара жатырмыз. Өздеріңізбен бірге зерттеу жұмыстарын бастасақ.

Ғалымдар алдымен форсайт сессиялар өткізіп, аймақ бойынша 7 маңызды стратегиялық бағытты анықтаған. Ауыз су тапшылығы, экология, тұрғын үй шаруашылығы және энергетика салалары. Осы тақырыптарды енді жергілікті ғалымдар Ұлттық ғылым академиясы мен шетелдік мамандардың көмегімен зерттемек. Ал, ғылыми зерттеулерге қаражатты әкімдік бөледі деп жоспарлануда.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президенті жанындағы ұлттық ғылым академиясының президенті:

Акиматтардың өздері соларға трансферлерден ақша беріп, акиматтар ғылымға қаржы беретін болады. Бұл маңызды шешім. Екінші әрдір акиматтың қасында арнайы кеңес құруды жоспарлап отыр, ол ғылым және технология кеңесі Кеңесте  бүкіл өңірдегі ғылым мен білімнің жүйесін басқарып отыратын болады.

Көлік логистикасын қалыптастыруда да отандық ғылымның маңызы зор. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, аймақта осы салада 24 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жол саласы, теңіздің тартылуы мен порттарда судың қатуы - ғылыми зерттеулерді қажет етеді. Көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша аналитикалық жазба дайындалып, өңірлік ғылымды дамыту жөніндегі бірлескен жұмыс жоспары бекітілді.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу