Легионерлерден бас тартып, жергілікті жастарға көңіл бөлінуі жағымды жаңалық. Бүгін Астанаға ресми сапармен келген Еупропа футбол қауымдастығы одағының президенті Александер Чеферин осылай деді. Ол еліміздің бірнеше қаласына баруды жоспарлап отыр. Кәрі құрлықтан келген қонақтың мақсаты қандай? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес біліп көрді.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
УЕФА президенті Александер Чеферин еліміздегі инфрақұрылымдық нысандарды аралайды. Оның айтуынша, бұл бағытта атқарылатын жұмыс көп. Ең өзекті мәселе ол стадиондардың жетіспеушілігі. Атап айтсақ, соңғы 30 жылда Қазақстанда еуростандартқа сай небәры екі-ақ стадион салынған.
Александер Чеферин, UEFA президенті:
Қазақстанда инфрақұрылым бұрынғыдан жақсара түсіпті. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуге дайынбыз. Атап кететін жайт, Қазақстанда енді легионерлер мемлекеттен қаржыландырылмайтын болыпты. Яғни, жергілікті жастарға көңіл бөлініп отыр. Бұл өте дұрыс қадам.
УЕФА басшысы Чеферин Қазақстан футболының даму жоспарын талқылап, серіктестікті нығайту бағыттарын таразылау үшін келген. Сондай-ақ Ақтөбеде қазығы қағылған, Шымкент пен Қызылордада құрылысы басталған стандиондардың жобасымен таныспақ.
Есей Жеңісұлы, спорт комментаторы, сарапшы:
Осындай алып жерімен, сондай-ақ мына әлеуетімен қазақ футболы Еуропада ергежейлілердің қатарында болмауы керек. Осы тұрғыдан УЕФА бізге қаржылай да көмек көрсетіп келе жатыр. Талаптар да қойып келе жатыр. Бұл сол талаптар қаншалықты орындалып жатыр. Сол бір мәселе! Сондықтан Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті Чеферинді Қазақстанға шақыру арқылы біздің футболды дамытуға мүдделі екенін танытып отыр.
Чеферинді бүгін Президент қабылдап, «Достық» орденін ұсынды. Бұл мемлекеттің де футболдың жайына қатты алаңдайтынын аңғартады. Бүгінде спорттың бұл түрі елімізде бұқаралық сипат алған. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда миллионнан астам адам футбол ойнайды.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Елімізде бүгін футбол күні аталып өтеді. Ол Қазақстан футбол федерациясының UEFA құрамына енгеніне 23 жыл толу құрметіне орайластырылып отыр. Тарихқа көз жүгірсек 2002 жылы 25 сәуірде Швеция астанасы - Стокгольм қаласында UEFА конгресінде қабылданған шешім негізінде қазақ жігіттері Еуропада доп тебуге мүмкіндік алды. Ендігі мақсат әлем футболының босағасында жүрмей, төрге қарай ұмтылу.
Нұрсұлтан Тілектес
